Алматыда биыл 219 км жаңа сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды

05.11.2024 10:31

Қазіргі жылыту маусымына 140% көмір және 100% мазут қоры жиналды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасына сілтеме жасап.

Биыл 9 айда 219 км жаңа су құбыры және су бұру жүйелері салынды, 27,3 км қолданыстағы желілер жаңғыртылды. 2025 жылы тағы 260 км құрылыс және 87 км желіні жаңғырту жоспарланған. 

Электрмен жабдықтау саласында қаңтардан қыркүйекке дейін 66 км желі қайта құрылды. 2025 жылы тағы 123 км желіні жаңғырту жоспарлануда. Сондай-ақ Алматы қаласының электр желілерін 2030 жылға дейін, ал болашақта 2040 жылға дейін дамыту схемасы әзірленді.

Алматыда сапалы жылумен жабдықтау үшін 20 км желі қайта құрылды. «АТКЭ» ЖШС 4 қазандықты жаңартылып, 81 қазандықты жөндеуден өткізді. Бұл желілердің тозуын 57,9%-дан 56,1%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

2024 жылы жылыту маусымы 7 қазанда басталды, дайындық 100%. Қазіргі жылыту маусымына 140% көмір және 100% мазут қоры жиналды. Барлығы 404 білім беру нысаны, 128 денсаулық сақтау нысаны және 8 863 тұрғын үй қамтылды.

Осылайша, қабылданып жатқан шаралар 2025 жылы сумен жабдықтау желілерінің тозуын 53,5%-ға, су бұруды 55,2%-ға, электрмен жабдықтауды 64%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінді