Оралда таяқ ұстаған бір топ жігіт жаппай төбелес шығарды

05.11.2024 11:24

Оралдағы түнгі клубтардың біріне келген ер адамды мекеме күзетшілері ішке кіргізбеген

стоп кадр

Оралда түнгі уақытта жанар-жағармай құю бекетінің маңында болған жаппай төбелес видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Оралдағы түнгі төбелестің видеосы тарады. Кадрдан таяқ ұстаған бір топ жігіттің бір адамды соққыға жыққанын байқауға болады, артынша екі рет атылған тапанша дауысы естіледі.

БҚО полиция департаментінің ақпаратынша, оқиға 3 қараша күні таңғы сағат 5 шамасында болған. Оралдағы түнгі клубтардың біріне келген ер адамды мекеме күзетшілері ішке кіргізбеген. Өйткені ол мас болып, өзін дөрекі ұстаған. Бұған ызаланған жігіт түнгі клубта екі адамды пышақпен жарақаттаған, зардап шеккендердің біреуі – күзетші. Осыдан кейін клубтағы бір топ адам мен күзет қызметкерлері әлгі бұзақыны жанармай бекетінің алдында ұстап, полицейлер келгенше ұрып-соққан.

«Ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бұзақылық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қамауға алынды. Сонымен қатар, бұзақылық фактісі бойынша түнгі клубтың күзетшілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Олардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлімдеді ПД.

Полиция төбелеске қатысқандардың бәрін анықтап, ұстаған. Тергеу жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінді