Алматы әкімі тұрғын үй мәселесі бойынша азаматтардың өтінішін қарады
Биыл Алматыда 4 мыңнан астам отбасы баспаналы болды
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін қарады. Кездесуде инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, жер қатынастары, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өтініштердің басым бөлігі баспанаға қатысты болды. Тұрғындар тұрғын үйді рәсімдеу кезінде туындайтын мәселелер, коммуналдық қызметтер бойынша берешек және ТҮКШ саласындағы басқа да мәселелер жөнінде жүгінді.
Қала әкімі әрбір өтініш бойынша алдағы іс-қимылдар айқындалып, жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілгенін айтты.
«Әрбір өтініш бойынша алдағы іс-қимылдар айқындалды. Жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне нақты тапсырма бердім», - деді Дархан Сатыбалды.
Мегаполис басшысы атап өткендей, биыл мемлекеттік қолдау шаралары аясында Алматыда 4 051 пәтер берілген. Оның ішінде 1 263 пәтерді «Алматы жастары» бағдарламасының қатысушылары жеңілдетілген тұрғын үй несиесі арқылы сатып алған. Қалған баспана кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына берілді.
Сонымен қатар қалада тұрғын үйге деген сұраныс әлі де жоғары. Дархан Сатыбалды барлық мұқтаж азаматты бір мезетте баспанамен қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтті.
«Дегенмен тұрғын үйге деген сұраныс әлі де жоғары. Барлық мұқтаж азаматты бір мезетте тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін емес. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігін кезең-кезеңімен кеңейту маңызды. Әсіресе, көмекке мұқтаж азаматтарға басымдық берілуге тиіс», - деді Алматы қаласының әкімі.
Дархан Сатыбалды тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін кезең-кезеңімен кеңейту маңызды екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыда жылу болмаған жағдайда қайда хабарласу керек