Алматыда екі жаңа автобус паркі мен газ толтыру станциясы салынады

28.09.2025 09:54

Дархан Сатыбалды көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Күн тәртібінде жаңа автобус парктерін салу, жылжымалы құрамды қажетті сервистік инфрақұрылымен қамтамасыз ету және қосымша автомобильдік газ толтыру компрессорлық станцияларын салу мәселелері қаралды.

Автомобильдік ГТКС-мен бірге әрқайсы 300 автобус сыйымдылығы бар екі автобус паркін салу үшін жер  телімдері мен жеке инвесторлар анықталды. Олардың бірі Құлжа трактісінің аумағында, екіншісі - Мөңке би көшесінің солтүстігінде орналасады.

Қала басшысы бейінді басқармаларға жер  телімдерін рәсімдеу және инженерлік желілер бойынша техникалық шарттар беру  үдерістерін жеделдетуді тапсырды.

Екі нысанның құрылысы келесі жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Дархан Сатыбалды қазіргі уақытта Алматыда автобустарға жанармай құю және қызмет көрсету инфрақұрылымы жылжымалы құрамның санына сәйкес келмейтінін, сондықтан автобус парктері мен станцияларын салу мәселесі бақылауда болатынын айтты.

Оқи отырыңыз: Алматы мен Ұлыбритания дамудың негізгі салаларында ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады