Алматыда гастрогид пайда болады

03.12.2024 20:40

Мұндай жоба әлемдік тәжірибеде де бар

Алматыда гастрогид пайда болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – қаланы гастрономиялық орталық ретінде дамытудағы маңызды қадам болмақ. Гид шаһар бойынша гастрономиялық бағыттарды, сондай-ақ түрлі тағамдарды қамтиды. Мұндай жоба әлемдік тәжірибеде де бар, - дейді мамандар. Мәселен, халықаралық Star Wine List нұсқаулығында қазір Алматының сегіз мейрамханасы мен Астана қаласындағы бір дәмхана қолжетімді екен. 

«Біз гастрогидпен жұмыс істеп жатырмыз. Себебі, бұл жоба қаламызға сапалы туристерді тарту үшін аса қажет. Әрине, келушілер көп, бірақ бізге олардың сапасы маңызды. Жалпы, Алматыда туризм саласын дамытуға барлық жағдай жасалған», – деді «Almaty tourism bureau» PR-менеджері Жанар Нұрлыбек.

 Қазір оңтүстік астанада гастро-туризм саласы қарқынды дамып жатыр. Мамандар пікіріне сүйенсек, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар да ұлттық және халықаралық тағамдарға, сондай-ақ нео-көшпелі ас-сусынға қызығушылық танытқан. Өз кезегінде, бұл салық түсімін де айтарлықтай ұлғайтыпты. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта тамақ және сусындармен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетуден 12,7 млрд теңгеге жуық салық алыныпты. 

«Гастрономиялық туризм – Алматыда сұранысқа ие бағыттардың бірі. Біз осы бағытта үздіксіз жұмыс істеп жатырмыз. Ендігі жоспар бойынша гастрогид жарыққа шығуы керек. Алматыда ұлттық тағамдардан бөлек, әлемдік деңгейдегі асханалар да жетерлік. Бұл арқылы туристерге сан алуан таңдау бар екенін көрсетеміз және бұл - біздің басты ерекшелігіміз», – деді «Аlmaty tourism bureau» баспасөз хатшысы  Нина Омар.

Оқи отырыңыз: Алматыда тазалаудың жаңа жүйесі әзірленді