Алматыда Қарасай батыр көшесінің бойында біртұтас жүргіншілер аймағы жасалып жатыр
Келесі кезеңде аллеяны көгалдандыру жұмыстары қолға алынады
Алматының Алмалы ауданында Қарасай батыр көшесінің бойындағы аллея көркейтіліп жатыр. Жоба аясында қаланың орталық бөлігіндегі скверлер, соның ішінде «Қарағайлы» саябағы жүргіншілер жолы арқылы өзара жалғасады. Бұл жөнінде Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аллеяны көркейтудің алғашқы кезеңі 2025 жылы Абылай хан даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейінгі аралықта аяқталды. Биыл жұмыстар Наурызбай батыр көшесінен Масанчм көшесіне дейін жалғасып жатыр. Бұл учаскенің ұзындығы 500 метрден асады.
Жоба аясындағы маңызды жұмыстардың бірі бұрын мейрамханалардың бірінің жазғы террасасы орналасқан аумақта жүргіншілер жолын қайта ашу. Жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген келіссөзден кейін мекеме иелері аллея бойымен емін-еркін жүруге кедергі келтірген құрылымды алып тастады.
Енді тұрғындар бұл жерден айналып өтпей-ақ, тура жүре алады. Бұл әсіресе, ерекше қажеттілігі бар адамдарға, егде жастағы тұрғындар мен балалар арбасын алып жүретін ата-аналарға қолайлы. Босаған аумақта күрделі құрылыс салу қарастырылмаған.
Көркейту жұмыстары кезінде 3 500 шаршы метр аумаққа кеспетас төселіп, көше жарығына арналған 105 бағана мен демалуға арналған 25 орындық орнатылды.
Келесі кезеңде аллеяны көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Мұнда ірі ағаш көшеттері мен 8 мың бұта егіліп, 9 мың шаршы метр аумаққа көгал төселеді. Сондай-ақ тамшылатып суару жүйесі орнатылады.
Бұл жұмыс біткен соң аллеяның кейбір бөліктері өзара жалғасып, қала орталығындағы қоғамдық кеңістіктерді біріктіретін біртұтас жүргіншілер бағыты пайда болады.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Президент Жолдауы – мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат