Кей жағдайларда тауарды кері жеткізу шығындары оның өз құнынан да асып түседі
Кәсіпкерлер тұтынушылар тарапынан құқықты теріс пайдалану жағдайларының жиілеп бара жатқанын айтады. Бұл қосымша қаржылық шығындарға әкеліп, бизнесті жүргізуде тәуекел тудырады. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Еркебұлан Бейімбет Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында осы жайында сөз қозғады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оның айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Алайда кәсіпкерлердің де құқықтарын ескеру қажет, өйткені олар да құқықтарының бұзылуына тап болып, елеулі тәуекелдерге ұшырайды.
«Әр адам әрі – азамат, әрі - тұтынушы. Дегенмен, тұтынушылар құқығын қорғау барысында кәсіпкерлердің де құқығын ұмытпау керек. Олар да жосықсыз әрекеттерден зиян шегіп, қаржылық шығынға ұшырайды», - деп атап өтті спикер.
Спикердің айтуынша, тұтынушылардың 71%-ы өз құқығының бұзылғанын айтса, олардың тек 29%-ы ғана тиісті органдарға жүгінеді. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасының өкілі көптеген кәсіпкерлердің де өз мүдделерін қорғау тетіктерін білмейтінін және көмекке сирек жүгінетінін атап өтті.
Еркебұлан Бейімбеттің айтуынша, қазіргі таңда тауарларды негізсіз қайтару жағдайлары ерекше маңызға ие. Мысалы, кейбір сатып алушылар брендтік дүкендерден киім сатып алып, жапсырмаларын алмай пайдаланады да, кейін оны 14 күн ішінде сатушыға қайтарып береді.
Бұдан бөлек, маркетплейстер мен жеткізу қызметтері арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлер де елеулі тәуекелдерге тап болады. Кей жағдайларда тауарды кері жеткізу шығындары оның өз құнынан да асып түседі.
Спикер тауарлардың бәрі бірдей қайтаруға жатпайтынын да еске салды. Көптеген кәсіпкерлер кез келген тауарды 14 күн ішінде қайтарып алуға міндеттіміз деп қате ойлайды. Алайда тауарды қайтару немесе айырбастау үшін нақты негіздер қарастырылған және кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау үшін осы нормаларды пайдалана алады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ақауы немесе кемшілігі жоқ жағдайда тоқыма бұйымдары, іш киімдер, дәрілік заттар, азық-түлік өнімдері, косметика және жеке гигиена құралдары қайтарылмайды.
Спикер кәсіпкерлерге тауарларды қайтару мәселесі бойынша бірқатар ұсыныстар да берді. Оның айтуынша, бизнес өкілдері қайтарудың негіздерін мұқият тексеріп, заң талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда сатып алушылардың талаптарымен келіспеуі керек.
«Егер тұтынушы тауарды тек түсі, үлгісі немесе бұйымның жекелеген элементтері ұнамағаны үшін қайтарғысы келсе, кәсіпкер оны қабылдаудан бас тартуға құқылы. Сатып алушы тауарды сатып алмас бұрын көрді және сатып алу туралы шешімді өзі қабылдады», - деп түсіндірді Еркебұлан Бейімбет.
Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсету және олардың заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша, оның ішінде сотқа дейінгі тәртіпте кеңес беру жұмыстары жалғасып жатқаны атап өтілді.
Оқи отырыңыз: Интернет-дүкендердің сапасыз жұмысы: тұтынушылар өз құқығын қалай қорғай алады