Алматыда кезекті ауқымды "Наркостоп" акциясы өтті

Акцияға 500-ге жуық волонтерлер, студенттер және комьюнити орталықтардың резиденттері қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қала ғимараттарына жазылған есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған кезекті «Наркостоп» акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Алматы қаласының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл  басқармасының қолдауымен өтті.

Акцияға 500-ге жуық волонтерлер, студенттер және комьюнити орталықтардың резиденттері қатысты. Олар Алматы қаласының Полиция департаментінің қызметкерлерімен есірткі жарнамаларының орындарын анықтап, олардың заңсыз жазбаларын өшірді. Рейд барысында 1 күннің ішінде  ғимараттардың сыртқы қабырғасына  жазылған 100-ден аса жарнама анықталып, жойылды.

Аталған іс-шараның мақсаты – жастарға есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмірді таңдауға шақыру.

«Бүгін Алматы қаласының волонтерлері болып жастар үшін маңызды «Наркостоп» акциясына қатысуға келдік. Алматы – біздің ортақ үйіміз, сондықтан шара аясында заңсыз жарнамаларды өшіріп, олардың әр қарай таралмауына кішкене болса да өз үлесімізді қосып жатырмыз», - деді волонтер Аманғазы Нұрасыл.

Айта кетейік, ағымдағы жылы «Наркостоп» жобасына қала бойынша 3 мыңнан астам волонтер қатысты. Жоба аясында 60-тан астам іс-шара өткізіліп, 2 мың трафарет пен граффити өшірілді.

Сонымен қатар, қаладағы комьюнити-орталықтарда нашақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және есірткі айналымына қарсы қоғамдық күреске бағытталған түсіндірме жұмыстары, интеллектуалдық ойындар, дебаттар, викториналар мен квиздер жүйелі түрде өтті.

Оқи отырыңыз: Мәслихат депутаттары Алматы қаласының алдағы 3 жылға арналған бюджетін қолдады

Новости партнеров