Көлік құралдары утилизациялық алым есебінен сатып алынған екен
Алматыда қоқыс таситын көліктер саны артты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мегаполистегі қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жөніндегі ірі оператор «Ақ Тәртіп» кәсіпорнына 50 заманауи арнайы техника берілді. Көлік құралдары утилизациялық алым есебінен сатып алынған екен. Қаржыландыру «Жасыл даму» компаниясы арқылы жылдық 3 пайызбен 7 жылға дейін несие түрінде берілді.
Алматыда күн сайын мың жарым тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Ол үшін 283 арнайы техника жұмылдырылған. Енді олардың қатарына тағы 50 жаңа көлік қосылды. Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі: «Паркті жаңа көлік құралдарымен толықтыру жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – жасыл экономика қағидаттарын іске асырудағы маңызды қадам» , – деді.
«Бұл тек экологиялық іс-шара немесе экологиялық мәселе емес, сонымен қатар, біздің Алматы қаласының тұрғындарының өмір сапасын жақсартып отырамыз осы арқылы. «Жасыл даму» бағдарламасы арқылы арнайы қаржы бөлініп, міне, бүгін осындай 50 техника алып отыр. Ол да біздің қаламызға үлкен үлес болып есептеледі», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жауаптылардың сөзінше, жобаны іске асыру аясында 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, диспетчерлік жүйенің тиімділігі артады. Бұл игі бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде іске асырылып жатыр екен.
«Біз 63 жобаны іске асырудамыз. Соның алғашқы іске асып жатқандардың бірі осы проект десек болады. Жалпы, бұл мен ойлаймын, болашақта осы Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға, жалпы мынау біздің қатты тұрмыстық қалдықты жүйелі түрде жинауға өз үлесін қосады деп ойлаймыз», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
«Ақ Тәртіп» компаниясы күн сайын 1 миллионнан астам Алматы тұрғынына, 14 000 заңды тұлғаға, 1 400-ге жуық контейнерлік алаңға қызмет көрсетеді. Оған 400 қызметкер жұмылдырылады екен.
«Экология министрлігінің, жергілікті қала әкімдігінің қолдауымен «Жасыл даму» компаниясында қаржыландыру программалары бар, соның бірі осы «Жасыл даму» компаниясының 3 пайызбен қаржыландыру программасын қолданып, қазіргі таңда 50 жаңа техника алып жаттырмыз», – деді «Ақ Тәртіп» ЖШС қаржы директоры Саян Ақбалаев.
Салтанатты рәсімнен кейін қала әкімі, Экология және табиғи ресурстар министрі жиын өткізіп, жауаптылардың баяндамасын тыңдады. Одан бөлек, басқосуда мегаполистің экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі талқыланды.
Гүлмарал Изатқызы, Думан Белғожаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телернасы.
Оқи отырыңыз: Су тапшы, өнім қурап жатыр: Айдарлы шаруалары көмек сұрайды