Су тапшы, өнім қурап жатыр: Айдарлы шаруалары көмек сұрайды

Жергілікті халық мәселесін айтып әкімдікке талай барған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрмыз». Алматы облысы Жамбыл ауданының Айдарлы ауылындағы 40-қа тарта шаруа осылай деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуларынша, құмды-шөлейтті аймақта орналасқан бұл елдімекен бақша дақылдарына бай. Алайда, суармалы судың тапшылығынан шаруалардың егіні шықпай, 150 гектарға жуық жер қурап жатыр.  

«10 гектардың шығыны 3 миллион теңге болып тұр. Күнде айтады әне-міне, Иманғали шыдашы деп. Мен шыдағаныммен, жер шыдамайды. Шығын көбейіп кетті.  Ешқандай нәтиже жоқ», – деді Айдарлы ауылының тұрғыны  Иманғали Хажиров.

Жергілікті халық мәселесін айтып әкімдікке талай барған. Алайда, бұл елдімекендегі дәулеттілерге ауыл әкімінің тісі батпайтын көрінеді.

«Ауыл әкімінің шамасы жетпейді. Біз бәрін көрсеттік, айттық та. Бірақ нәтиже жоқ. Бір күн су келеді, сосын бір апта жоқ. Жоғары жақты тексеріңіздер дедік. Әркім өзіне тиесілі суды ғана алсын! Біз: «қанша гектар жері бар – сонша су алсын» деп айттық. Бірақ өздерінің гектарынан да көп су ағызып жатыр. Осыдан егістігіміз күйіп кетіп жатыр», – деді Айдарлы ауылының тұрғыны Дархан Қамитов.

Ал, Айдарлы әкімі жағдайдан хабардармын, шешуге тырысып жатырмын дейді. Ол суды меншіктеп алатын қараша айтқан «қалталылардың» барын да жасырмады. Ал, бұған дейін халыққа бір мәрте төбе көрсетпеген су арнасына жауапты компания басшылары түсірілім алаңына алып-ұшып жетті.

«Министрдің нақты тапсырмасы бар: «Суды жеткізе алмайтын жерлерге келісімшарт жасамаңыздар» деген. Бірақ біз осы жерге аз да болса су жеткізе аламыз деп, жауапкершілікті өз мойнымызға алып, келісімшартқа отырғанбыз. Сол кезде, яғни келісімшартқа отырғанда, дәл осы каналдан су алатын тек 4 қана келісім болған. Қазір қарап отырсақ — 180 гектар жер тіркеліп алыпты. Судың тапшылығы сол жерден шығып отыр. Яғни, су жоқ емес — су бар, бірақ соны әділ бөліп жатқан жоқ», – деді Д. Қонаев атындағы үлкен алматы каналы директорының орынбасары Самат Еңсеген.

Жері құнарлы бұл елдімекенді іске жаратуға талпынған шаруалар бұлай жалғаса берсе, ауыл тұрмысының тоз-тозы шығады деп отыр. Сондықтан мәселеміз үкімет деңгейінде қаралса дейді.

Мәди Мәлік, Әлішер Ерғалиұлы «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Сайрам су өзенінен жүкті әйелдің мәйіті табылды

Новости партнеров