Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті

Құрамында 1600-ге жуық адам бар 85 жедел бригада кезекшілікке шықты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кеше кешкісін жауып бастаған жаңбыр толастамай тұр. Бүгін сағат 10:00-дегі жағдай бойынша қалада 23 миллиметр, тауға жақын аумақта 26, ал Каменск үстіртінде 36 миллиметр жауын-шашын түскен. Синоптиктер тұрғындарға жолда сақ болуды және көліктерді су жиналуы ықтимал аумақтарға қоймауды ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ қатты жел соққанда ағаштардың астында және жарнама құрылымдарының маңында жүрмеу ұсынылады.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша өткен түні қалада 23 мм жауын-шашын түсті. Қараша айындағы жауын-шашынның айлық нормасы 55 мм құрайды. Осылайша, түскен жауын-шашын мөлшері айлық климаттық нормадан асқан жоқ. 

Айта кетейік, «Қазгидромет» алдағы ауа-райының күрт өзгеруі мен жауын-шашынға байланысты 9 мен 10 қараша күндері алдын-ала дауылды ескертулер жарияланған болатын», – деді  «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Қолайсыз ауа райының салдарын жою үшін қалада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір құрамында 1600-ге жуық адам бар 85 жедел бригада кезекшілікке шыққан. Бұдан бөлек, 415 арнайы техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылды. Сондай-ақ 3 мыңға жуық құм салынған қап дайындалған. Ал жол саласының 3253 қызметкері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

«Мұндай жауын-шашын жағдайында су басу қаупін болдырмау үшін коммуналдық қызметтер алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізді. 

Атап айтқанда, 1579 арнайы қызметкерден тұратын 85 жедел әрекет ету бригадасы қазіргі уақытта кезекшілік атқарады. Оған қосымша 415 арнайы техника 97 мотопомпа жұмыстарға жұмылдырылды», – деді Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын-үй инспекциясы басқармасының бас маманы Райымбек Досмұханов.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы жүріп жатқан аумақта көлік қозғалысының сызбасы өзгереді