Алматыда көріктендіру ережесін бұзған 43 компанияға 5,7 млн теңге айыппұл салынды
Тротуарларға кеспетас төсеу және жиектас орнату кезінде заңбұзушылықтың көп болғаны анықталды
Алматыда биылғы 30 қыркүйектен бастап жүргізілген құрылыс нысандарына мониторинг қорытындысы бойынша көріктендіру ережесін бұзған 43 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,7 млн теңге. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тексеру қаланың барлық ауданында құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде экологиялық талаптар мен көріктендіру ережесінің сақталуын бақылау мақсатында ұйымдастырылды.
Тротуарларға кеспетас төсеу және жиектас орнату кезінде заңбұзушылықтың көп болғаны анықталды. Белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін 33 компания жауапкершілікке тартылды. Бұл тәртіп бұзған компаниялардың жалпы санының 77%-ы.
Сонымен қатар ғимараттардың қасбетін жөндеу кезінде талаптарды бұзған бес ұйымға, кәріз және инженерлік желілерді тарту барысында төрт компанияға, ал арық желілерінде жұмыс жүргізу кезінде заңбұзушылыққа жол берген бір компанияға айыппұл салынды.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 1 340 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни 5,7 млн теңге болатын әкімшілік айыппұл салынды.
Құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу Алматы аумағында экологиялық талаптар мен көріктендіру ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда атаулы әлеуметтік қолдау тетіктері жетілдіріледі