Алматыда құсбегілік дәстүрін дәріптейтін республикалық турнир басталды

06.12.2024 20:56

Сайыс нәтижесінде ең үздік үш құсбегі жүлделі орынға ие болады

Бабадан қалған асыл өнер – құсбегілік дәстүрін дәріптейтін “Қыран-2024” республикалық турнирі бастау алды. Мұнда қазақтың кең даласында нағыз өрліктің символына айналған қыран құстар мен осы өнерді жанына серік еткен 100-ге жуық саятшы елдің түкпір-түкпірінен жиналып, шеберлігін сынға салды. AlmatyTV тілшісі Әйкерім Пернебек те төл өнер жанданған жарысқа қатысып қайтқан еді.

Бұл бүркіттің қатаң да қатқыл, өзіндік мінезі бар дауысы бүгін Алматыдағы жарыс алаңына түгел жайылды. Әр өңірдің "мен" деген құсбегілері бақ сынайтын “Қыран-2024” республикалық сайысында жүзден астам азамат үш күн бойы өнер көрсетпек. Олар 2 қала мен 8 өңірден келген. Байқаудың алғашқы күнінде құс төресіне иелік еткен бүркітшілер өз шеберлігін көрсетті. Бүркіттің қырағы көзі, көктегі қалықтаған асқақ бейнесі, аңға шапқандағы шалт қимылы - көрген жанды тамсандырмай қоймады. Сайыста құсбегілер ұшқырлық пен бапкерлік қабілетін көрсетіп, қазақтың ежелгі өнерінің құдіретін паш етті.

"Жарыстың өзіне 60-тан аса бүркітші келді, қаршығадан 20-дан аса, ал ителгіден 14 ителгі келді. Бұрын жарыстарға үлкен ақсақалдар көп қатысатын, қазір жастардың саны өте көп. Өйткені облыстарда, осы қалада ұлттық спорт мектептерінің құсбегілік бөлімі бар, онда құсбегілікке 8 жастан бастап дайындаймыз", - деді "Құсбегілік" федерациясы вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.

Кербез құс – қазақтың ғасырлар бойғы серігі, асыл мұрасы. Бұл арын бүрікіттің жасы 7-де, салмағы шамамен 6 келі. Оны қолда ұстап тұрудың өзі үйренбеген жанға оңай емес. Себебі тек құсбегілер ғана бүркіттің мінезін жақсы түсініп, оның әр қимылы, әрбір көзқарасы аңғарып, дәлдікпен аңға шығарады. Қазір бірер сәттен соң бүркітіміз жарысқа шықпақ, мәреге қиындықсыз жетеді деп сенеміз.

80-нің сеңгіріне жетіп, Шығыс Қазақстаннан арнайы келген саятшы "ата-баба мұрасын жаңғыртып, ұлттық спорттың осы бір дара саласын кейінгі ұрпаққа үлгі ету - басты мақсат" дейді. Құсбегілік – халқымыздың табиғатпен терең үйлесімде өмір сүргенін дәлелдейтін құндылық екені мәлім. Мұны ескерген 8-ден 80-ге дейінгі құс баптаушылар бүгін бір топта бақ сынасты. Бұл әрі биылғы сайыстың ерекшелігі екен.

Қоса кетейік, додаға түскен құстар 3 кезеңнен өтуі тиіс, ол қолға шақыру, шырғаға салу сынды құстың дәлдігі мен шапшаңдығы байқалатын сайыстар.

"Білген өнерімді жастарға үйретіп кетейін деген ойым бар. Менің жасым қазір 77-де. Осы жүрген бүркітшілердің арасында ең үлкені менмін. Үш күн құс ұшырып, бұрынғы көненің көзі болған көне салт-сананы қайта тірілтуге үлесімді қосып, білгенімді үйретпекпін", - дейді құсбегі Төлепберген Ақынбек.

"Мен біздің ұлттық спортты әлемдік деңгейге жеткізгім келеді. Мысалы футбол, бокс сияқты спорт түрлері бүкіл әлемге танымал ғой, сол сияқты құсбегілік те әлемге танымал болса екен деген ойым бар. Себебі тек Қазақстанда немесе түркі елдерінде ғана емес, басқа мемлекеттерде де құсбегілік бар", - дейді құсбегі Аяжан Даниярқызы.

Сайыс нәтижесінде ең үздік үш құсбегі жүлделі орынға ие болады. Ата мұраны асқақтатып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген әр өңірдегі азаматтардың басын қосқан ұйымдастырушылар «доданың басты мақсаты – төл өнерді дәріптеп, келер ұрпаққа аманат ету" дейді.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, AlmatyTV

Оқи отырыңыз: Орнына жаңасы бой көтереді: Астанада ескі футбол стадионы сүріле бастады