Домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны насихатталды
Алматыда Ұлттық домбыра күні қарсаңында сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – қазақтың төл өнерін дәріптеп, жастардың ұлттық аспапқа деген қызығушылығын арттыру, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Іс-шараға білім беру ұйымдарының оқушылары, өнер мектебінің тәрбиеленушілері мен колледж студенттері қатысып, күйлер орындады.
Сонымен қатар домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны насихатталып, жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген құрметін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
«Біз әртүрлі санаттағы балаларды бір жерге жинап, олардың бір-бірінен үйренуіне мүмкіндік жасағымыз келді. Бірге домбыра тартып, халқымыздың тарихын, ұлттық аспабымыздың қадірін бойларына сіңірсін деген мақсатымыз бар», – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Дидар Ділдәбек.
«Балалардың домбыра үйренуге деген ықыласы өте жоғары. Әсіресе қазақ тілін меңгеруге қызығатын ата-аналар балаларын қазақы ортада тәрбиеленсін деген ниетпен домбыра үйірмесіне әкеледі. Ең бастысы – домбыра үйреніп, ұлттық өнерді меңгеруі», – деді «Дәрібаевтар» өнер-білім мектебінің директоры Сәкен Дәрібаев.
Оқи отырыңыз: Ұлттық домбыра күні: Алматыда күй өнері кеңінен насихатталды