Биыл елордаға – 28 жыл: Астананың даму жолы мен бүгінгі келбеті

03.07.2026 20:30

Бүгінде Астана – қарқынды дамып келе жатқан бас қала

Биыл елордаға – 28 жыл. Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы қабылдады. Ал 1998 жылғы 6 мамырда қалаға Астана атауы берілді. Осы шешім ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бүгінде Астана – қарқынды дамып келе жатқан бас қала. Халқы 1 миллион 600 мыңнан асты. Ал елорда мәртебесіне ие болған кезде мұнда шамамен 300 мыңға жуық адам тұрған. Аз уақыт ішінде келбеті өзгеріп, сәулеті мен инфрақұрылымы жаңарған шаһар бүгінде еліміздің басты әкімшілік орталығына айналды.

Тарихшылардың айтуынша, Астана туралы деректер XVIII–XIX ғасырлардағы архив құжаттарында да кездеседі. Бұл елорданың өткен мен бүгінді жалғаған, ежелден елдің ордасы болғанын айғақтайды.

«Елорда бір күнде елорда болған жоқ. Оның тарихы тереңде жатыр. Қазақстанда бүгінде «Бозоқ» мемориалы салынып жатыр. Бұл – көне қаланың болғанын дәлелдейтін маңызды орын. Ал XIX ғасырда 1830 жылдан бастап іргесі бекініс ретінде қаланған Ақмола ірі сауда мен қарым-қатынастың орталығына айналды», – Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.

Астана – уақыт сынынан сүрінбей өткен, қарқынды дамудың жарқын үлгісіне айналған қала. Елорда мәртебесін алған алғашқы жылдардағы экономикалық қиындықтарды еңсеріп, бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар ірі мегаполиске айналды.

«Осы қалаға 1997 жылдың 20 желтоқсанында қызмет бабымен келдім. Ол кезде Ақмола еді. Қазір өте тамаша. Отыз жыл ішінде қала көркейіп, жасыл желек көбейді, саябақтар салынып, ажары айрықша ашылды», – қала тұрғыны Зәмзәгүл Тұрсынәлиева.

«Ол кезде қалада ары кетсе екі-үш көлік қана жүретін. Шаһар қатты өзгерді. Бұрын бұл маңның бәрі жекеменшік үйлер болатын, көшелердің бәрі лайсаң еді. Қазір жолдар тегіс, айнала көркейіп, қала таза әрі әдемі болды», – қала тұрғыны Тамара Петрова.

Қала құрылысына жауапты мамандардың айтуынша, елорда алдағы уақытта да қарқынды дами береді. Бас жоспарға сәйкес, жаңа тұрғын үй кешендерінің жанында міндетті түрде жасыл аймақтар қарастырылады.

«Астананың Бас жоспарына сәйкес, қаланың 50 пайыздан астам аумағын рекреациялық аймақтар алып жатыр. Сонымен қатар, жаңа нысандар пайдалануға берілген кезде олардың дендрожоспары әзірленеді. Яғни, әрбір нысанның жер телімінде белгіленген көлемде көгалдандыру жұмыстары жүргізілуі міндетті», – Қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш.

Бүгінде Астанада 1 миллион 600 мыңнан астам адам тұрады. Қала халқы жыл сайын көбейіп, жаңа тұрғын аудандар, мектептер, балабақшалар мен қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп келеді. Бұл – бас қаланың үздіксіз дамуының айқын көрінісі.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты мәдени іс-шара өтті