Алматыда майдангерлердің құрметіне көрме өтті

27.04.2026 21:26

Алматыда Ұлы Отан соғысына қатысқан 15 ардагер мен 6 мыңға жуық тыл еңбеккері қалды

Алматыда Ұлы Отан соғысына қатысқан 15 ардагер мен 6 мыңға жуық тыл еңбеккері қалды. Бүгін осы батыр майдангерлердің құрметіне көрме өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онда ел басына күн туған шақта ерлікпен есте қалған азаматтардың сұм тағдырына негізделген 18 сурет қойылды. Іс-шарада көзі тірі бірнеше ардагер бой көрсетіп, оларға картиналар тарту етілді. Қан мен тер төгілген кезде елеулі еңбек еткен ардагерлердің бірі – Тамара Максимова. Ол жасөспірім шағында майдан алаңына өз еркімен сұранып, әскери госпитальде медбике болып қызмет атқарған. Бірнеше жаралы жауынгердің өмірін сақтап қалған. Бүгінде кейуана 102 жаста.

«Жеңіс бізге үлкен қиындықпен жетті. Қанша адам көз жұмды. Оған қоса, қалалар да жау соққыларынан қирады. Елде тұрмыстық жағдай нашарлады. Өйткені, бірнеше зауыт-фабрикалар тоналып, іргесі құлады. Оларды қайта қалпына келтіріп, бәрін жаңадан бастауға тура келді», – деді ҰОС ардагері Тамара Максимова.

Көрмеге соғыс кезінде ата-анасынан айырылып, балалықтан қол үзіп, тылда еңбек еткен жасөспірімдер мен ел үшін жан аямай күрескен майдангерлердің тағдыры суреттелген туындылар қойылды. Бұл еңбектер ардагерлердің жоғары бағасына ие болды.

«Бұл туындыларды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің естеліктеріне сүйене отырып жасадық. Заманауи технологиялардың көмегіне жүгіндік. Суреттерді нейрожелілер арқылы салдық. Бір ғана картинаны жасау үшін 25 түрлі нұсқа әзірленді. Соның ішінен лайықтысын таңдап, басып шығарып, майлы бояумен өңдедік. Нәтижесінде, сыйға тартуға тұрарлық толыққанды галереялық деңгейдегі туынды пайда болды», – деді  «ҰОС ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің және соғыс балаларының кеңесі» ҚҚ атқарушы директоры Райхан Жапарханова.

Оқи отырыңыз: Жеңіс күні: Қарағанды облысында қанша майдангерге 5 миллион теңге беріледі