Алматыда мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді

11.09.2026 16:43

Құзырет орталығы тиісті қызметтің жұмысын үйлестіріп, сараптамалық қолдау көрсетеді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін құзырет орталықтарының жұмысы дамып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда құзырет орталықтары базасында мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов пен қаладағы медициналық ұйымдардың басшылары қатысқан жиында талқыланды. 

№1 қалалық клиникалық аурухана жанында пульмонология және аллергология бойынша Құзырет орталығы жұмыс істейді.

Орталық тиісті қызметтің жұмысын үйлестіріп, сараптамалық қолдау көрсетеді, науқастарды тиісті медициналық ұйымдарға бағыттайды және мамандардың біліктілігін арттыруға қатысады. 2026 жылы наурыз-тамыз айларында мұнда пульмонология бойынша 1 156 кеңес беріліп, аллергология және иммунология бойынша 3 473 өтініш тіркелген.

Қалалық жедел шұғыл көмек ауруханасы жанында урология, нефрология, сондай-ақ жүйке жүйесінің аутоиммунды және орфандық ауруларын диагностикалау және емдеу бойынша құзырет орталықтары жұмыс істейді.

2026 жылдың сегіз айында урология орталығында 125 сараптамалық кеңес беріліп, 202 ота жасалған. Неврология орталығында 112 пациентке кеңес беріліп, тағы 124 науқас тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда медициналық көмек алған. Нефрология орталығында 69 сараптамалық кеңес жүргізіліп, 87 пациент гемодиализ алған.

Құзырет орталықтары науқастарды ары қарай емдеу тактикасын анықтауға, сараптамалық бағалау жүргізуге және оларды тиісті медициналық көмекке бағыттауға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін одан әрі арттыруға бағытталған міндеттер айқындалды.

Оқи отырыңыз: Шымбұлақтағы сабақ: Алматыда оқушылар төтенше жағдайда өзін ұстау ережелерін меңгерді

Толық көрсету