Шымбұлақтағы сабақ: Алматыда оқушылар төтенше жағдайда өзін ұстау ережелерін меңгерді
Жасөспірімдер аспалы жолмен «Медеу» кешенінен жоғары көтеріліп, Алатаудың әсем табиғатын тамашалады
Алматыда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кезекті іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Наурызбай ауданының прокуратурасы ұйымдастырған спорттық-профилактикалық сапарға мектеп оқушылары мен мамандарды қосқанда 100-ге жуық адам қатысты. Жасөспірімдер аспалы жолмен «Медеу» кешенінен жоғары көтеріліп, Алатаудың әсем табиғатын тамашалады.
Іс-шара аясында елімізге жұмыс сапарымен келген Пәкістан Ислам Республикасы Бас прокурорының орынбасарлары да бой көрсетіп, жастармен дидарласты, естелік суретке түсті.
«Наурызбай ауданының балаларын салауатты өмір салтын баулу мақсатында «Шымбұлақ» тау-курортына алып келдік. Оларды альпинистердің және төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің жұмысымен таныстырып жатыр», – деді Наурызбай ауданы прокурорының орынбасары Қанат Күнғожинов
Бағдарлама ары қарай таудағы арнайы қауіпсіздік сабағымен жалғасты. Оқушылар Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен және кәсіби альпинистермен бірге «Альпинград» бағытына қарай жетіп, биік таулы аймақта жүріп-тұру ережелерін меңгерді. Мұнда құтқарушылар төтенше жағдайдағы іс-әрекеттерді іс жүзінде көрсетіп, арнайы өрт-құтқару техникаларының мүмкіндігін таныстырды.
Айта кету керек, бұған дейін «Армандала» лагерінде футболдан жарыс өткізген прокуратура өкілдері мұндай жүйелі шаралар арқылы өскелең ұрпақтың бойында заңға деген құрмет пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
«Төтенше жағдай кезінде ең әлсіз әрі қорғансыз топ – балалар. Содан да болуы керек, кішкентай кезінен бастап олардың бойына өрт қауіпсіздігі мен дұрыс әрекет ету ережелерін сіңіру өте маңызды. Біз әр кездесуде балаларға қауіпсіздік талаптары мен төтенше сәтте өзін қалай ұстау керек екенін үнемі түсіндіріп отырамыз», – деді Төтенше жағдайлар департаменті №23 республикалық жедел-құтқару жасағының бастығы Азамат Оспанов.
Оқи отырыңыз: Алматыда жыл соңына дейін жаңа мектептер мен дәрігерлік амбулатория ашылады