Алматыда мүгедектігі бар 250 адам тегін әлеуметтік қызмет ала алады

12.08.2025 16:16

Мекеме тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық және экономикалық бағыттағы әлеуметтік қызметтің 8 түрін ұсынады

Алматыда мүгедектігі бар, психоневрологиялық ауруға шалдыққан шамамен 250 адам тегін әлеуметтік қызмет ала алады. Жұмысты мамандандырылған орталық жүргізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталық 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда әлеуметтік ортаға бейімделуге, жеке тұлғаны дамытуға арналған төрт бөлім бар. Азаматтардың ерекшелігі мен қажеттілігіне сай, жеке-жеке қызмет көрсетіледі.

«Бүгінгі таңда терапевт, бала дәрігері, реабилитолог, невропатолог, психиатр жұмыс істейді. Одан кейін, жаттығу терапиясы маманы, физиомедбикесі бар. Массаж кабинеттері ашық» – деді орталық директорының орынбасары Әйгерім Сәлиева.

Мекеме тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық және экономикалық бағыттағы әлеуметтік қызметтің 8 түрін ұсынады. Бұның барлығы көмекке жүгінгендердің қоғам өміріне етене енуіне жағдай жасайды. Ерекшелігі, орталықта еңбек терапиясына айрықша назар аударылған.

«Бұл бұйым сазбалшықтан жасалған. Осы жобаны «Ана, әке, мен — тату отбасы» атты байқауда көрсеттік. Данияр Мусин есімді баламыз еңбегі үшін бірінші орынды жеңіп алды. Құнды сыйлық — планшетке ие болды», – деді еңбек терапиясының нұсқаушысы Ольга Рахматулина

Орталыққа келген балалар осы мекемеде дос та тауып, ас әзірлеуді, айналаны тазартуды үйренеді. Тіпті концерттік бағдарламаларға қатысып, өнерін паш етеді. Осы мүмкіндік әсер етсе керек, қызмет алушыларға және ата-аналары үшін де бұл мекеме олардың екінші үйіндей болып кеткен.

«Бұған дейін біз үйде оқитынбыз. Сыртқа сирек шығатынбыз, ал орталыққа келген соң бәрі күрт өзгерді. Балам ашыла бастады, іске қабілеті байқалды. Түрлі тілде ән айтып, көптеген іс-шараға қатысатын болды», – деді қала тұрғыны Ажар Бұралқиева.

Апта сайын орталықта шеберлік сағаты өтеді. Келушілер сурет салады, мүсін жасап, қыш құю ісін меңгереді. Сабақта шығармашылығын арттырып, бойында сенімділік қасиетін қалыптастырып, ұсақ қол моторикасын дамытады.

Аяулым Көлжігіт, Рүстем Айткәрім, Маржан Манапова, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Еңбек құқығы бұзылған қызметкер не істеуі керек - маман кеңесі