Алматыда Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы алғаш рет сахналанды

20.10.2025 15:26

Бекжан Тұрыс кейіпкерді жалғыз сомдап шықты

Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің "Жармақ" романы сахналанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Спектакльде адам мен қоғам арасындағы күрделі қатынас, екіге жарылған тұлғаның ішкі күйзелісі суреттеледі. Сондай-ақ ақша мен дүние-мүліктің құлына айналған және ілім- ғылымның соңына түскен жанның қос тағдыры бір-бірімен жарыса көрсетілген. Қызығы 1 сағат 20 минуттық қойылымды бір ғана актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс сомдап шықты. Бұл - өнер адамының 60 жылдық мерейтойына орай қойылған шығарма.

«Шама-шарқымыз жеткенше қарымды қаламгер Мұхтар ағамыздың тілімен жеткізуге тырыстым. Енді оның бағасын көрермен береді. Біз әдетте «Театр – қоғамның айнасы» дейміз ғой. Егер сол айна көмескі тартса, оны сүртіп, тазалау керек. Мен осылайша шамам келгенше сүртіп тазалауға тырыстым», - деді актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.

«Мұхтар Мағауин атамыздың классикалық шығармалары сахнаға шықпаған, бұл бірінші рет осылай сахнаға шығып тұр. Мұны қалай да осы заманға лайықтап, қазіргі қоғамға түсінікті болсын, осы ойымызды жеткізе алсақ деген ниетте қойдық», - деді қойылымның режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Оқи отырыңыз: Енді шаруаларға субсидия алуға жасанды интеллект көмектеседі