Реконструкция барысын Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды тексерді
Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жаңа маусымы жаңарған ғимаратта ашылады. Мәдениет ошағының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Реконструкция барысын Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды тексерді. Ғимараттың құрылымдық конструкциялары күшейтіліп, қасбеті жаңарып, инженерлік желі мен шатыры ауыстырылды. Өнер ордасының сахналық жабдықтары да жаңарған. Сонымен қатар театр аумағы абаттандырылады. Реконструкциялық жұмыстарға қарамастан ғимараттың тарихи келбеті сақталады. Ғимаратқа көрік беріп тұрған ерекше элементтер мен мозаикаларға реставрация жасалады. Ал театрдың жаңа корпусында қосымша көрермен залы, заманауи грим бөлмесі сондай ақ шеберхана мен декорацияларды сақтауға арналған бөлмелер қарастырылған. Құрылыс жұмыстары жаздың аяғына дейін толық аяқталмақ.
«Нысанды тамыздың ортасында өткізуді жоспарлап отырмыз. Театр аумағына еуропалық ағаштар отырғызылып жатыр. Барлығы қалалық стандартқа, дизайнға және дизайнның архитектуралық кодына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. 7-8 мыңға жуық жаңа бұта мен шам орнатылады», – деді жоба жетекшісінің орынбасары Бақдәулет Қайдаров.
Сондай ақ Райымбек батыр мемориалды кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын. Онда негізгі жұмыстар атқарылған. Қазір құрылысшылар жаңартылған нысанды жақын арада ашу үшін соңғы жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматының бас полицейі қала орталығын тексерді