Алматыда сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігі тексерілді

Басты мақсат – әрбір азаматтың өз таңдауын кедергісіз жасауына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық пысықталып жатыр. Бүгін Бостандық ауданының әкімі Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге бірқатар дауыс беру учаскелерін аралап, олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін тексерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Мониторинг барысында пандустардың жай-күйі, кіреберістердің ыңғайлылығы және қозғалыс жолдарының талапқа сәйкестігі бағаланды.

Аудан әкімінің айтуынша, мұндай тексеріс барлық сайлау учаскесін қамтиды.

Басты мақсат – әрбір азаматтың өз таңдауын кедергісіз жасауына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Егер мониторинг барысында қандай да бір олқылық анықталса, жауапты мекемелерге оны қысқа мерзімде түзету жөнінде нақты тапсырмалар беріледі.

«Жалпы дайындық бүгінгі таңда 100 пайыз деп айтуға болады. Бостандық ауданы – сайлау учаскелері ең көп аудан. Мұнда 108 учаске бар. Оның 19-ы – жабық, 89-ы – ашық. Барлық ашық сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтар үшін толық қолжетімділік қамтамасыз етілген. Аудан бойынша 7300-ден астам осындай азамат бар. Олардың барлығына дауыс беруге қолайлы жағдай жасауды міндетіміз деп санаймыз», – деді Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

«Бүгін біз Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстарын бастадық. Құрылтай сайлауы – Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Біз басқармалармен, әкімдік өкілдерімен және аудан әкімдіктерімен көп жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Әсіресе қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шараларды дайындау және өткізу кезінде өзара үйлесімді жұмыс атқарамыз. Алдыңғы референдум барысында Алматы қаласы бойынша шамамен 100–120 нысанды аралап шықтық. Бүгін бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар ескерту айтқан сайлау учаскелеріне ерекше назар аудардық», – деді Қоғамдық кеңестің мүшесі Богдан Джепка.

Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы қарсаңында елордадағы учаскелердің дайындығы пысықталды