Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады

04.12.2025 14:53

Су деңгейі келесі жылдың көктемінде қалпына келгеннен кейін понтон көпірлер қайта орнатылады

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Сайран көлі маңайын көріктендіру жобасы аясында екі понтон көпір орнатылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар жағалаулар арасында қауіпсіз және ыңғайлы жүріп өтуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта құрылымдар қысқы кезеңге жыл сайын жүргізілетін консервация және су деңгейінің төмендеуі себепті уақытша алынып тасталды. Бұл туралы Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының өкілдері айтты.

Су деңгейі келесі жылдың көктемінде қалпына келгеннен кейін понтон көпірлер қайта орнатылады. Құрылымдардың техникалық жарамдылығын сақтау мақсатында бұл жұмыс жыл сайын істеледі.

Сондай-ақ, «Сайран көлі маңайын көріктендіру» жобасы аясында су айдынында нимфея (лотос) өсімдіктері өсірілетін арнайы бассейн қалыптастыру үшін темірбетон құрылым салынған. Көлдегі судың төмендеуіне байланысты су өсімдіктерінің тамыр жүйесін жылыту жұмысы жүргізілді. Бұл қыс мезгілінде олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатындағы шара.

Егер өсімдіктер үсіп кетсе немесе жерсінбесе, оларды мердігер ұйым кепілдік міндеттемесі аясында ауыстырып береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінісінен соң маңызды нысандар мен ғимараттар тексеріліп жатыр