Алматыда шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Қала аумағында 100-ге жуық арнайы белгі орнатылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қала аумағында 100-ге жуық арнайы белгі орнатылып, каналдардың бетон плиталарына 20-дан аса ескерту жазуы салынған. Бүгін Алатау ауданының төтенше жағдайлар қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен тәртіп сақшылары бірлесіп, Үлкен Алматы өзені жағасындағы суға түсуге тыйым салынған орындарда профилактикалық жұмыстар жүргізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алатау ауданындағы рейдтік іс-шараның алғашқы нүктесі Шаңырақ-1 шағынауданындағы Үлкен Алматы каналының жағасы болды. Аталған аумақта шомылуға тыйым салынған. Алайда жергілікті тұрғындар мұнда демалуға келіп, суға емін-еркін түседі екен. Олардың басым бөлігі – балалар.

«Судың ағысы қатты болады. Су – өзен болып саналған соң, бұл жерге шомылуға болмайды. Яғни, мұның астында не бары белгісіз. Алматы қаласы бойынша суға түсетін жерлер өте көп.

Кішкентай балалардың көбі қараусыз суға келеді. Сол үшін тыйым салынады. Біздің Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан биыл суға түсуге тыйым салынған жерлерге жүзге жуық белгі орнатылды», – деді Алатау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Еркебұлан Төлеу.

Аудандағы тағы бір аса қауіпті аймақ – дәл осы каналдың Дархан шағынауданындағы бөлігі. Мұнда екі жыл бұрын қайғылы жағдай болып, бір жасөспірім суға батқан екен. Рейд барысында рұқсат етілмеген жерде шомылған жеткіншектердің ата-аналарына ескерту жасалды.

Жалпы, жаз мезгілі басталғалы бері тұрғындар арасында апта сайын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттандыруға да баса мән берілген.

Мамандардың айтуынша, әр адам суда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы керек. Ал ережені елемегендер жауапкершілікке тартылады.

«Кәмелетке толмағандар осындай су айдындарында ата-аналарының қарауынсыз жүрген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша, яғни ата-ананың бала тәрбиесімен толыққанды айналыспағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер жағдай тағы қайталанса, айыппұл салынады. Жаз мезгілі басталғалы бері бізде он шақты кәмелетке толмағанның ата-анасы анықталып, жауапкершілікке тартылды», – деді Алатау ауданы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айза Нұрбек.

Айта кетейік, биыл Алматыда шомылу маусымы басталғалы бері жазатайым оқиға тіркелмеген. Бүгінде шаһардағы LED экрандарда, смартбордтарда және басқа да ақпарат алаңдарында судағы қауіпсіздікке арналған бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беру ұсынылады.

Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда инвестиция көлемі артып, экономика өсімі жеделдеді