Елімізде экономика өсімі 4,1%-ға жетіп, инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгені құрады
Қазақстан экономикасында жыл басынан бері оң серпіліс байқалады. Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша елдің экономикалық өсімі 4,1 пайызға дейін жеделдеп, өндіріс пен сыртқы сауда көрсеткіштері біршама артқан. Соның ішінде отандық тауарлардың экспорт көлемі 30,4 млрд долларға жетті. Экономиканың тұрақты дамуына инвестицияның да ықпалы тиген. Биыл негізгі капиталға бағытталған қаржы көлемі 9,5 трлн теңгені құрап, 9,6 пайызға өскен. Үкімет отырысында осы көрсеткіштер талданып, алдағы міндеттер айқындалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгін Үкіметте ел экономикасының алғашқы жартыжылдықтағы нәтижелері сараланды. Алғашқы болып баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі елдегі инвестициялық ахуалға тоқталды. Серік Жұманғарин ұсынған деректер көңілге қуаныш ұялатады. Биылғы алты айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қатар, жеке инвестициялар көлемі 21 пайызға ұлғайған. Қаржының негізгі бөлігі құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік инфрақұрылымы салаларына бағытталған.
«Инвестициялардың неғұрлым жоғары өсімі келесі салаларда байқалады. Ақпарат және байланыс саласында – 2,3 есеге, құрылыста – 38,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3 пайызға, ауыл шаруашылығында – 24,6 пайызға, көлік саласында – 11,6 пайызға. Инвестициялардың жоғары өсімі Ұлытау, Жамбыл, Түркістан және Абай облыстарында байқалады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Бұдан бөлек, отырыста көлеңкелі экономиканы азайту бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқаны айтылды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 546 мың адам ресми еңбекке көшіп, заңды түрде жұмыс істей бастаған. Сондай-ақ, қосылған құн салығын төлейтін кәсіпкерлер саны 22 мыңнан асыпты. Осы өзгерістердің арқасында республикалық бюджетке түсетін қаржы көлемі 24,6 пайызға артқан.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ескере отырып, бизнес субъектілерінің саны 2,9 млн-ға жетті және жыл басынан бері тағы 499 мыңнан аса субъектіге ұлғайды. Қосылған құн салығын төлеушілердің саны 22,3 мыңға өсіп, 158,2 мың төлеушіге жетті. Бұл салық реформасын тек фискалдық құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар экономикалық белсенділікті көлеңкеден шығару тетігі ретінде де қарастыру қажеттігін көрсетіп отыр», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Премьер-министр Олжас Бектенов өз кезегінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет елдің дамуына бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларды қайта қарап, олардың тиімділігі мен жүзеге асу барысын мұқият тексеруді тапсырды.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қостанайда балалар үйінің тәрбиеленушісі Тобыл өзеніне батып кетті