Мұнда жастарға арналған бірнеше арнайы аймақ қарастырылған
Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы комьюнити орталық ашылды. Бостандық ауданында орналасқан жаңа кеңістік жастардың білім алуына, кәсіби дағдыларын дамытуына және өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Мұнда жұмыс іздеуден бастап, цифрлық технологияларды меңгеру мен медиа контент әзірлеуге дейінгі қызметтер ұсынылады. Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Бүгін Республика күнінің қарсаңында бізде Алматы қаласында 13-ші комьюнити орталық ашылып отыр. Бұл орталықтың басқалардан ерекшелігі – біріншіден қаланың орталығында орналасқан, екіншіден 24 сағат жұмыс істейтін болады. Айтишниктер бар, фрилансер жастар бар. Олар түнгі мезгілде жұмыс істейді, күндізгі мезгілде Америкамен жұмыс істейтін жастар көбейіп жатыр, басқа континенттермен", - деп баяндап берді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
Жалпы аумағы 450 шаршы метр болатын орталық үш қабаттан тұрады. Мұнда жастарға арналған бірнеше арнайы аймақ қарастырылған. Атап айтқанда, сұхбат жазып, подкаст түсіруге арналған студия, бейнематериал әзірлейтін Media Room және компьютерлік ойын жасау мен бағдарламалауды үйренуге мүмкіндік беретін Game Dev Zone бар. Бұдан бөлек, сабақ оқып, бірлескен жобалармен айналысуға арналған коворкинг, дәрістер мен пікірталастар өтетін амфитеатр жабдықталған. Орталықта жастардың жаңа білім алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және өз идеясын жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған.
"24/7 жұмыс істейтіні өтен жақсы. Өйткені біз көптеген дедлайндарға үлгермей жатып, кешке келіп дайындаламыз. Кейбір жұмыстарға бірге топпен бірге дайындалу керек. сол үшін мен өте қунаштымын комьюнити центрдің ашылғанына. Оның 24/7 істейтіні өте үлкен плюс болып саналады", - деп ойын айтты студент Даяна Жігенбаева.
Оқи отырыңыз: Елордада Республика күні мерекелік шаралармен аталып өтіп жатыр