Ұйымдастырушылар осы іс-шара арқылы отбасылық туризмді дамытып, қала тұрғындарына отбасымен бірге демалуға мүмкіндік жасауды мақсат еткен
Шымкенттіктер Республика күнін ерекше атап өтті. Мерекеге орай қалада батпырауықтар фестивалі ұйымдастырылып, мыңнан аса батпырауық көкке көтерілді. Көк байрақ желбіреген айтулы күні балалар да, ересектер де қуанышқа кенелді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көкке самғаған батпырауықтар еркіндік пен асқақ арманды бейнелегендей. Фестивальге жиналған тұрғындар түрлі түсті батпырауықтарын бір мезетте аспанға ұшырды. Бірі оларды барынша биікке көтеруге тырысса, енді бірі осы ерекше сәтті телефонға таспалап жатты. Көкте қалықтаған батпырауықтар әсіресе балаларға қуаныш сыйлады.
"Бүкіл Қазақстанды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Республика күні құтты болсын! Қазақстанымыз жасай берсін. Жұртымыз аман болсын. Мынау іс-шараны керемет ұйымдастырған екен. Әкімшілікке көп рақмет. Немереміз екеуміз батпырауық ұшырып жатырмыз", - деді қала тұрғыны Жанар Исаева.
Фестивальге келгендердің басым бөлігі батпырауықтарды тегін алды. Ұйымдастырушылар осы іс-шара арқылы отбасылық туризмді дамытып, қала тұрғындарына отбасымен бірге демалуға мүмкіндік жасауды мақсат еткен. Сондықтан бағдарлама батпырауық ұшырумен ғана шектелмеді. Келушілер түрлі сайысқа қатысып, мерекелік шараның қызығын бірге бөлісті.
"Фестиваль аясында Шымкент қаласындағы мотоәуесқойлардың, яғни мото маусымның жабылуы өткізілуде. Бұл мото сезонның жабылуына 150-ден астам мотоциклші және 20-ға жуық спорттық автокөліктер қатысуда. Сондай ақ, фестиваль аясында арнайы экшн зонада велоайдаушылар, скейтбордшылар және самокат айдайтындардың шоуы өтеді", - деп бөлісті «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков.
Шымкенттіктер Республика күнін осындай ерекше көңіл күймен атап өтті. Мыңдаған батпырауықтың бір мезетте көкке көтерілуі тұрғындарға ұмытылмас әсер сыйлады. Ал мерекелік бағдарлама гала-концертке ұласып, жұртшылықтың қуанышын еселей түсті.
Лаура Бабас, Almaty TV телеарнасы - Шымкент.
Оқи отырыңыз: Елордада Республика күні мерекелік шаралармен аталып өтіп жатыр