Алматыда тағы бір жайлы мектептің құрылысы аяқталуға жақын

Халық санының артуы мен белсенді құрылыс жүргізу нәтижесінде осы оқу жылында аудан бойынша мектеп орындарының тапшылығы 5 мың орынға дейін жетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Алатау ауданындағы 2 000 орынды жайлы мектептің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл білім мекемесінің құрылысы өткен жылы наурызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Теректі шағынауданында басталған.

"Мектептің ауқымы 20 777 метр квадрат. Ішінде 4 топқа бөлінген. Мектепалды,  бастауыш,  ортаңғы және жоғары сыыптарға арналған оқу орындары бар. Әр кабинетте 25 балаға арналған орын бар", – деді  жобаның бас инженері Айдархан Серік.

Алатау ауданында 31 мемлекеттік мектеп бар, онда 58 мыңнан астам бала оқиды. Халық санының артуы мен белсенді құрылыс жүргізу нәтижесінде осы оқу жылында аудан бойынша мектеп орындарының тапшылығы 5 мың орынға дейін жетті. Қалада «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 36 800 орынды 22 білім ордасының құрылысын салу жоспарланған.

Алматы әкімдігі оқушы орындарының тапшылығының деңгейін реттеу мақсатында жаңа мектептер мен қосымша құрылыстарды жергілікті бюджет есебінен салуды жалғастырады. Қаладағы бұрын ашылған білім ұйымдарына байланысты 2025 жылы тағы 16 мектеп бір ауысымдық оқытуға көшеді. Осылайша, келесі оқу жылында 200-ден астам мемлекеттік мектептің 43-і бір ауысымдық жүйеге көшеді (өсім 12,5%-дан 18,4%-ға дейін).

Теректі шағынауданындағы жайлы мектепті көріп шыққан Ерболат Досаев оны 2025 жылы қаңтарда, үшінші тоқсанның басына дейін ашуды тапсырды.

Айта кетейік, мектеп құрылысымен қатар тротуарлар, жарықтандыру және жол белгілерін орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар Алматының қалалық мобилділік басқармасы мектепке апаратын 1,1 км жолды салып бітірді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Жетісу ауданының 6 мыңнан астам тұрғыны орталық сумен жабдықтауға қосылады

Новости партнеров