Алматыда тауда шыққандарды іздеуге арналған AG Tag жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр
Жаңа қауіпсіздік жүйесі таулы және жетуі қиын аймақтардағы іздестіру-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған
Алматыда ұялы байланыс, SIM-карта және интернет болмаған жағдайда да адамның орналасқан жері туралы мәліметті құтқарушыларға жеткізуге мүмкіндік беретін SOS батырмасы бар AG Tag жеке құрылғысына негізделген қауіпсіздік жүйесі әзірленіп, сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл жоба Алматының Цифрландыру басқармасының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа қауіпсіздік жүйесі таулы және жетуі қиын аймақтардағы іздестіру-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған. Құтқару қызметтерінің мәліметінше, жыл сайын Алматы тауларында 1 000-нан астам іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіледі. Алайда көптеген туристік бағытта ұялы байланыс желісімен қамтылмаған аумақтар бар. Бұл көмекке мұқтаж адамдардың нақты орналасқан жерін анықтауды қиындатады.
AG Tag құрылғысы спутниктік навигация арқылы адамның координаттарын өздігінен анықтап, оларды радиобайланыс арқылы құтқару қызметінің базалық станциясына жібереді. Деректер әр екі секунд сайын жаңартылып отырады. Ал төтенше жағдай туындаған кезде турист SOS батырмасын бір рет басу арқылы дабыл белгісін жібере алады. Зардап шеккен адамның координаттары жедел кезекшінің электрондық картасында көрсетіледі. Қазіргі конфигурацияда сигнал тарату қашықтығы 15 шақырымға дейін жетеді.
Жүйе құрылғымен байланыстың жай-күйін бақылауға, сондай-ақ сигнал жоғалған жағдайда оның соңғы орналасқан жерін тіркеуге мүмкіндік береді. Базалық станция интернетке және ұялы желілерге қосылмай-ақ автономды режимде жұмыс істей алады.
Жоба аясында туристерге жабдықты eGov Mobile қосымшасындағы QR-код арқылы беру тетігі де қарастырылып жатыр. Сапарға шығар алдында пайдаланушы бағытын және болжамды қайту уақытын тіркеп, жеке құрылғыны ала алады. Ал сапар аяқталғаннан кейін құрылғыны қайтарады.
Алматының негізгі туристік бағыттарында жабдық беретін 12 пункт ашу көзделген. Олардың қатарында Алма-Арасан, Аюсай, Медеу, Кімасар, Көкжайлау, Бұтақты және Шымбұлақ бар.
Бүгінде жүйе Алматының алты таулы бағытында, соның ішінде Турист, Панорама, Букреев және Фурманов шыңдары мен Үлкен Алматы көлі маңында сынақтан өтті. Тексеру жұмыстары әртүрлі ауа райы жағдайында, оның ішінде биік таулы аймақтарда жүргізілді.
Сонымен қатар Алматының Құтқару қызметімен және ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағымен бірлескен сынақтар өткізілді. Сынақтар ұялы байланыс желісі жоқ аумақтарда да жүргізілді. Тексеру нәтижесінде жүйенің жұмыс істеу қабілеті расталды. Қазіргі уақытта одан әрі сынақтан өткізу үшін құрылғылардың алғашқы партиясы дайындалды.
2026 жылдың соңына дейін Алматының туристері мен альпинистік қауымдастықтарының қатысуымен пилоттық сынақтарды бастау жоспарланып отыр. Жобаға Алматының Төтенше жағдайлар департаменті, Альпинизм федерациясы және қаланың визит-орталықтары қатысады.
Алдағы уақытта бұл технологияны Алматы тауларында ғана емес, Қазақстанның басқа да туристік аймақтары мен жетуі қиын өңірлерінде қолдану жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: 6 қарашада Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр