Іс-шара қала тұрғындарының қоршаған ортаға ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында Алма-Арасан шатқалында «AMANAT» партиясы, оның «Жастар Рухы» жастар қанаты және Алматы қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен ауқымды экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шараға колледж студенттері, еріктілер, эко-белсенділер, жастар ұйымдарының мүшелері және белсенді қала тұрғындары қатысып, жалпы саны 300-ден астам жасты қамтыды. Қатысушылар Алматы қаласының ең танымал табиғи орындарының бірі – Алма-Арасан шатқалының аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, табиғатты қорғау ісіне өз үлестерін қосты.
Акция қоршаған ортаны тазартуға бағытталған нақты қадам ғана емес, сонымен қатар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама болды.
«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлеповтің айтуынша, экологиялық бастамалар партия қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
«Бүгінде жастарды қоғамға пайдалы нақты істерге тарту аса маңызды. Осындай акциялар табиғи аумақтардың тазалығын сақтауға ғана емес, сонымен қатар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Қуаныш Төлепов.
Экологиялық акция «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өткізіліп, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға бағытталды.
Айта кету керек, экологиялық бағыт - «AMANAT» партиясы жұмысының басым бағыттарының бірі. Партияның бастамасымен Алматы қаласының барлық ауданында тұрақты түрде «Таза бейсенбі» акциясы өткізіліп келеді. Оның аясында партия мүшелері, белсенділер, мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, аумақтарды тазалауға және көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуда. Алма-Арасан шатқалында өткен экологиялық акция партияның «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болды.
Оқи отытыңыз: 1 маусымда Алматы балалардың, технология мен болашақтың қаласына айналады