Алматыда «Томирис» перформанс-спектаклінің тұсаукесері өтті

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Бұл – жай ғана тарихи шежіре емес, адам жанының ең нәзік те қатал қатпарларын ашқан рухани туынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Тәуелсіздіктің 35 жылдық мерейтойы аясында Болат Жандарбеков шығармасының желісімен қойылған «Томирис» перформанс-спектаклінің премьерасы өтті. Ұлы Дала тарихының ең айбынды да жұмбақ парақтары Асанәлі Әшімов атындағы театр сахнасында қайта жаңғырды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – жай ғана тарихи шежіре емес, адам жанының ең нәзік те қатал қатпарларын ашқан рухани туынды. Қоюшы режиссер Гауһар Адай сахналық символизм мен терең поэтиканы шебер ұштастыра отырып, соғыс өрті емес, Тұран патшайымының жүрегіндегі ішкі арпалысты алға шығарған. Өз елінің азаттығы мен болашағы үшін тағдыр таразысына аналық махаббаты мен жан тыныштығын тіккен Томиристің ішкі күресі көрерменді таңдау мен тарих құны туралы терең ойға жетеледі. Тәуелсіздіктің 35 жылдық мерейтойына арналған бұл қойылым өнер әлеміндегі ерекше туындыға айналды.

«Перформанс бағыты қазақ театрында бұрыннан бар, бұл жаңадан келген бағыт емес. Дегенмен, көрермен үшін бұл қызықты болуы мүмкін. Мұнда сақтар мен парсылар әлемі, Кир мен Томиристің тарихи кездесуі көрініс табады. Шешімдері де өте қызықты. Жұмбақ қылмай-ақ, көрермендерді келіп көруге шақырамын. Бүгін тарих пен заманның үндескен сәті болайын деп тұр», – деді «Томирис» спектаклінің қоюшы режиссері Гауһар Адай.

Сахнада басты рөлдерді сомдаған Мадина Оспан мен Ислам Есжан өз кейіпкерлерінің болмысын шебер жеткізді. Мәдени іс-шараға қалалық әкімдік өкілі Данияр Әлиев қатысып, ұжымның шығармашылық ізденісіне қолдау білдірді. Сонымен қатар тұсаукесер кешіне еліміздің белгілі өнер майталмандары жиналып, жас театрдың қадамына сәттілік тіледі.

«Бұл жерде перформанстық картиналар қолданылды, арнайы музыка композитормен жазылды. Киім үлгісі бүгінгі заманға жақындатып жасалғанымен, қазақ тарихын, сақтардың белгілерін толық сақтап қалуға тырыстық. Барлығы үйлесім тапқан, жаңаша Томиристі бүгін көрермен назарына ұсынамыз», – деді А. Әшімов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Салтанат Әбілғазиева.

Оқи отырыңыз: Алматылықтар жаңа Конституциядағы өзгерістерді оң бағалады