Алматылықтар жаңа Конституциядағы өзгерістерді оң бағалады

Енді азаматтардың цифрлық технологиялар арқылы жиналатын дербес деректерінің заңсыз пайдаланылуына жол берілмеуі тиіс

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Халық кеңесі құрылып, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа сипатқа ие болады». Бүгіннен бастап күшіне енген жаңа Ата заңға қатысты алматылықтардың пікірі осындай. Тұрғындардың айтуынша, жаңартылған Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше басымдық берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді азаматтардың цифрлық технологиялар арқылы жиналатын дербес деректерінің заңсыз пайдаланылуына жол берілмеуі тиіс. Сондай-ақ алматылықтар Ата заңда әрбір азаматтың табиғатты қорғап, табиғи байлыққа ұқыпты қарауы міндет ретінде бекітілгенін оң өзгеріс деп бағалайды.

«Жаңа Конституция жаңа бағыттарға негізделген. Сондықтан әрбір бағыты біз үшін өте маңызды. Сол үшін мен жаңа Конституцияны қолдаймын және сенімдімін. Еліміздің әл-ауқаты артады деп ойлаймын. Жаңа Конституция жетістіктерге толы болады және бұдан мол мүмкіндіктерді күтуге болады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Қинаят Мұхаметсадыққызы.

«Жаңа Конституцияның жүзеге асуына әрбір азамат еңбек етуге міндетті және құқылы деп ойлаймын. Өйткені мұнда әр азаматтың, осы елде тұрып жатқан кез келген ұлттың мүмкіндігі қорғалған. Болашағы үшін Конституцияның 100 пайыз жүзеге асуына мен кәміл сенемін», – деді қала тұрғыны Гүлмира Сейілханқызы.

«Біздің Конституция екі рет қабылданды 93–95 жылдары. Және де 5 рет оған енгізулер мен толықтырулар болды. Ал енді осы жаңа Конституциямыздың қабылдануы өте дұрыс», – деді қала тұрғыны Бауыржан Еділ.

Оқи отырыңыз: Алматы жастары жаңа Конституцияға орай патриоттық флешмоб өткізді