Алматыда «Томирис» перформанс-спектаклінің тұсаукесері өтті

02.07.2026 16:34

Ұлы Дала тарихының ең айбынды да жұмбақ парақтары Асанәлі Әшімов театрының сахнасында қайта жаңғырды

Алматыда Тәуелсіздіктің 35 жылдық мерейтойы аясында Болат Жандарбековтың желісімен қойылған «Томирис» перформанс-спектаклінің премьерасы өтті. Ұлы Дала тарихының ең айбынды да жұмбақ парақтары Асанәлі Әшімов театрының сахнасында қайта жаңғырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл қойылым – жай ғана тарихи шежіре емес, адам жанының ең нәзік те күрделі қатпарларын ашқан рухани дүние. Қоюшы режиссер Гауһар Адай сахналық символизм мен терең поэтиканы шебер ұштастыра отырып, соғыс көрінісінен гөрі Тұран патшайымының жүрегіндегі ішкі тартысты алға шығарған.

Өз елінің азаттығы мен болашағы үшін тағдыр таразысына аналық махаббаты мен жан тыныштығын тіккен Томиристің ішкі арпалысы көрерменді терең ойға жетеледі. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған бұл қойылым өнер әлеміндегі айтулы жаңалықтардың біріне айналды.

«Перформанс бағыты біздің қазақ театрында бұрыннан бар, бірақ бұл жаңаша формат. Көрерменге қызықты болуы мүмкін. Сақтар мен парсылар әлемі, Кир мен Томирис оқиғасы ерекше шешіммен берілген. Бүгін тарих пен заман үндескен сәт болды деп ойлаймын», – деді «Томирис» спектаклінің қоюшы режиссері Гауһар Адай.

Сахнада басты рөлдерді сомдаған Мадина Оспан мен Ислам Есжан өз кейіпкерлерінің болмысын жоғары деңгейде жеткізді. Мәдени іс-шараға қалалық әкімдік өкілі Данияр Әлиев қатысып, шығармашылық ұжымға қолдау білдірді. Сондай-ақ премьераға еліміздің белгілі өнер майталмандары қатысып, жас театрдың бастамасына сәттілік тіледі.

«Бұл қойылымда перформанстық картиналар қолданылды, арнайы музыка жазылды. Киім үлгілері де заманауи стильмен ұштасқан. Соның барлығы сақ дәуірінің рухын сақтай отырып жасалған. Барлығы үйлесіп, көрерменге жаңаша “Томирис” ұсынылды», – деді А. Әшімов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Салтанат Әбілғазиева.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Алатау Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қала болады