Алматыда тұрғындарды МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейту шаралары талқыланды

12.01.2026 14:49

Алматыда «қала – аудан – емхана» желісі бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі құрылған

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен халықты қамту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеңес барысында Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы МӘМС жүйесімен халықты қамтудың қазіргі жағдайы, атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі, сондай-ақ, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңнамалық өзгерістер жөнінде ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, жұмыс істемейтін, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жарнаның жергілікті бюджет есебінен төлену тәртібі қаралды.

Медициналық сақтандырумен қамтылмаған тұрғындар үлесін азайту және Тіркелген халық регистріндегі деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету - жұмыстың басты бағыттарының бірі. Осыған байланысты қалада деректер базасын жаңарту, сәйкессіздіктерді анықтау және қайталанатын не ескірген ақпаратты жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Алматыда «қала – аудан – емхана» желісі бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі құрылған. Бұл МӘМС жүйесіне енбеген азаматтарға жедел түрде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Жұмыс нақты мекенжай бойынша жүргізіледі: тұрғындарға қоңырау шалу, үйлерді аралау, халық көп жиналатын орындарда ақпараттық акциялар өткізу, сондай-ақ азаматтар медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына жүгінген кезде олардың МӘМС мәртебесін тұрақты тексеру шаралары қолға алынған. 

Әсіресе, ведомствоаралық үйлестіру мен халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысына ерекше мән беріліп отыр. Бұл жұмыс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тетіктері, сақтандырылған азаматтардың құқығы мен міндеті, жарна төлеу тәртібі туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған.

Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды тұрғындарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша жүйелі әрі нақты жұмыс жүргізуді, мемлекеттік ақпараттық базаларды уақытылы жаңартып отыруды, үдерістерді басқару сапасы үшін медициналық ұйымдар мен салалық басқармалардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ Алматы әкімі әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін бюджет қаражаты есебінен төленетін жарналардың ашық әрі тиімді пайдаланылуының маңызын атады.

Оқи отырыңыз: Алматыда жұлынның туа біткен кемістігі бар 2 балаға ота жасалды