Ол қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әзірленді
Алматы қаласының Туризм басқармасы мен Almaty Tourism Bureau туристер мен қала тұрғындарының тауда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық материалдар әзірледі: тау маршруттарының атласы, тау маршруттарының картасы және «Тау шыңдары мен қауіпсіздік» атты брошюра, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тау маршруттарының атласында аймақтағы бес танымал маршрут туралы ақпарат жинақталған. Атласта тек маршруттардың сипаттамасы ғана емес, сонымен қатар жорыққа дайындық бойынша ұсыныстар, қажетті құрал-жабдықтардың болуы, жергілікті жерлерде бағдар алу бойынша кеңестер және қауіпсіздік ережелері берілген. Бұл атлас тау демалысын ұнататындар үшін таптырмас серік болмақ.
Тау маршруттарының картасы Кіші Алматы және Үлкен Алматы шатқалдарының маршруттарын қамтиды. Ол навигацияны ыңғайлы етіп, қажетті шартты белгілерді көрсеткен, бұл туристерге жергілікті жерде оңай бағыт алуға мүмкіндік береді. Аталмыш карта Алматының табиғи сұлулығын тереңірек зерттегісі келетін әуесқойға да, тәжірибелі туристерге де пайдалы болады.
«Тау шыңдары мен қауіпсіздік» брошюрасы – тауда қауіпсіз әрекет етуге арналған практикалық нұсқаулық. Онда туристер бетпе-бет келуі мүмкін қауіп-қатерлер қарастырылған. Брошюра біркүндік және көпкүндік жорықтарға арналған тізімді қамтиды, бұл туристерге кез келген сапарға дұрыс дайындалуға көмектеседі.
Материалдар Visit Almaty ақпараттық орталықтарында және төмендегі сілтеме бойынша үш тілде тегін қолжетімді.
Оқи отырыңыз: Алматының қай ауданында бағдарламаға қатысу үшін ең көп өтінім берілді