Алматыда үйлердің қасбетін жарықтандыру бойынша ережелер әзірленуде

06.12.2024 14:50

Бұл қаланың үйлесімді келбетін қалыптастыруға және түнгі уақытта қалалық ортаның жақсы көрінуіне мүмкіндік береді

Фото: Максим Золотухин

Алматыда үйлердің қасбетін жарықтандыру бойынша ережелер әзірленуде. Бұл туралы 2025-2027 жылдарға арналған қала бюджеті қабылданған қала мәслихатының сессиясы барысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

2023 жылғы 29 желтоқсанда мәслихат шешімімен Алматының Дизайн-коды бекітілгені белгілі. 

Бүгінгі таңда әкімдік магистральдық көшелер бойындағы үйлердің қасбеттерін сәндік-жарық безендіру бойынша жаңа ережелер әзірлеуде. Бұл қаланың үйлесімді келбетін қалыптастыруға және түнгі уақытта қалалық ортаның жақсы көрінуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қаланың эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында 2022-2024 жылдары 5 млрд теңгеге 355 үйдің қасбеті жөнделді. 2025-2026 жылдары тағы 296 қасбетті жөндеу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Дизайн коды-әрқайсысы жеке бағытты сипаттайтын қосымшалар жиынтығы. Мұндай қосымшалардың алтауы бар болатын: сыртқы ақпарат, навигация, көше жиһазы, көгалдандыру, қасбеттер мен қоршаулар. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша қалалық нысандарды жарықтандыру бойынша жетінші қосымша қосылды.

Оқи отырыңыз: Алматыда педагогтердің біліктілігін арттыруға қаражат бөлінеді