Толық циклды өнім шығаратын су жаңа зауыт Жетісу облысында жұмысын бастады
Елімізде өндірістік аккумулятор батареяларын өндіретін алғашқы кәсіпорын іске қосылды. Толық циклды өнім шығаратын су жаңа зауыт Жетісу облысында жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кәсіпкердің айтуынша, жоба құны - 8,5 млрд теңге. Ал инженерлік желілер жергілікті бюджет есебінен тартылыпты. Оған 260 млн теңге жұмсалған. Зауыт жылына 210 мың дана батарея шығарады. Өнімнің 40 пайызын жергілікті нарыққа, ал 60 пайызын шетелге сату жоспарланыпты.
"Негізгі тұтынушыларымыз - толықтай квази-мемлекеттік сектор. Өндіретін өнімді сату бойынша тұтынушылармен, соның ішінде Ресейдің тұтынушыларымен алдын ала келісімдер жасалған. Қаңтар айынан бастап олар біздің өнімдерді сатып ала бастайды", - деді зауыт директоры Серікбай Әжмағамбетов.
Бұл батареялар мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, теміржолдар мен энергетикада қолданылады. Сондай ақ жасыл энергетикада, күн мен жел электр станцияларынан алынатын энергияны сақтауда үздіксіз қуат көзі ретінде пайдаланылады.
Жаңа зауытқа талдықорғандық 180 адам жұмысқа орналасқанын да айта кету керек. Өндіріс толық қуатына шыққанда, жұмыс орындарының саны бұдан да артпақ.
"Мен өзіміздің Талдықорған қаласының ЖМУ университетінің түлегімін. Менеджмент саласын игердім. Жаңа ашылып жатқан зауытымызда қорғасын пластиналарын құю цехының бастығымын. Цехта аккумулятордың ішіндегі жүрегі саналатын бөлшегін қорғасыннан құямыз. Әр аккумулятор өз пластинасы бар", - деді қорғасын пластиналарын құю цехының бастығы Дастан Қанатханов.
Оқи отырыңыз: Алматыда білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қанша қаржы бөлінді