Ұлттық орталық музей қорында екі жүзден астам музыкалық жәдігер сақталған
Биыл Ұлттық домбыра күні елімізде тоғызыншы рет атап өтілді. 2018 жылдан бері бұл мереке халқымыздың төл өнерін ұлықтап, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын маңызды мәдени күнге айналды. Бүгінде Алматыда домбыра өнерін үйрететін бес жетекші оқу орны жұмыс істейді. Бұл білім ордаларынан жыл сайын жүздеген жас өнерпаз түлеп ұшады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыдағы Ұлттық орталық музей қорында екі жүзден астам музыкалық жәдігер сақталған. Соның алпысы – қазақтың қара домбырасы. Құнды жәдігерлер қатарында Абай Құнанбайұлының жары Ділдәның, Күләш Бәйсейітованың, Өзбекәлі Жәнібековтің, Қаныш Сәтбаевтың және Әміре Қашаубаевтың домбыралары бар.
«Музей қорында Өзбекәлі Жәнібековтің, Қаныш Сәтбаевтың, Әміре Қашаубаевтың, Абай Құнанбайұлының жары Ділдә анамыздың, Күләш Бәйсейітованың және өзге де бірегей тұлғалардың домбыралары сақталған. Домбыра қазақ халқы үшін ерекше аспап болғандықтан, мұнда оның тарихы мен шығу тегі туралы көптеген мәлімет ұсынылған», – деді ҚР Ұлттық орталық музейінің экскурсия жүргізуші маманы Оралбек Кәрім.
Мамандардың айтуынша, қазақтың қара домбырасының бүгінге дейін жиырмаға жуық түрі жеткен. Ал бүгінде кеңінен қолданылатын классикалық үлгісі өткен ғасырдың басында музыка зерттеушісі Ахмет Жұбановтың бастамасымен жасалған.
«Қалақ пішіндес, алмұрт пішіндес домбыралар XIX-XX ғасырларда кең таралған. Домбыра тек қазақ халқына ғана емес, түркі халықтарына да ортақ аспап. Қырғыз, өзбек және басқа да түркі халықтарында оған ұқсас қос ішекті музыкалық аспаптар бар. Олардың тарихы түркі дәуіріне барып тіреледі», – деді ҚР Ұлттық орталық музейінің экскурсия жүргізуші маманы Оралбек Кәрім.
Қазақтың күй мұрасы бүгінде он мыңнан астам туындыны қамтиды. Алайда мамандардың мәліметінше, олардың бес мыңнан астамы ғана ғылыми тұрғыдан зерттеліп, тарихи деректермен нақтыланған.
«Ғылыми материалдарға сүйенсек, қазақ күйлерінің нақты саны бес мыңнан асады. Оның ішінде аңыз, мифтік, жануарларға, табиғатқа арналған және лирикалық күйлер бар. Сонымен қатар көптеген күйлер бірнеше нұсқада сақталған», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Фольклорлық зертханасының ғылыми қызметкері Ермек Қазмұхамбетов.
Алматыда күйшілік өнердің ізбасарларын даярлайтын бес жетекші оқу орны жұмыс істейді. Соның бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы. Мұнда жыл сайын отыз талапкер қабылданып, домбырашылар, күйшілер және жыршы-термешілер даярланады.
«Бұрын үш ішекті аспаптар, фольклорлық аспаптар және домбыра мамандықтары бірге оқытылатын. Қазір домбыра жеке кафедра ретінде жұмыс істейді. Кафедрада тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы кафедрасының аға оқытушысы Динара Нұрбаева.
Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Осы күні Алматыда ұлттық мұраны дәріптейтін мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, күй өнері кеңінен насихатталады.
Оқи отырыңыз: Алматыда шалғай өңірлерге қызмет көрсететін ұшатын госпиталь іске қосылды