Алматыда үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Мерекелік іс-шараға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Республика сарайында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Жиында адам жанының арашасы болып жүрген дәрігерлер мен сала мамандарының еңбегі ерекше аталып, көп жылдық адал қызметі үшін бірқатар маман мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы – Қазақстан медицинасының көшбасшысы болып саналады. Себебі мегаполистегі ауруханаларда 50 мыңға жуық ақ халатты жан еңбек етеді. Кәсіби мереке қарсаңында Республика сарайында медицина қызметкерлеріне арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды. Жиында алғаш болып сөз алған қала әкімі Дархан Сатыбалды дәрігерлер мен сала мамандарына шаһар жұртшылығының атынан алғыс білдірді. Сонымен қатар ол денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

«Бүгін – денсаулық пен адам өмірін сақтау жолында күн сайын қажырлы еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілетін күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқығын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз» деген еді», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Салтанатты іс-шара барысында адам өмірін арашалап, денсаулық сақтау саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар маманның еңбегі жоғары бағаланды. Көп жылдар бойы медицина қызметіне адал еңбек етіп келе жатқан дәрігерлер мен сала ардагерлеріне «Парасат» және «Құрмет» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

«Бүгінгі күні айтайын дегенім медицина қызметкерлеріне халықтың назары, қарым қатынасы жақсарып келе жатыр. Сол әрі қарай жалғасса екен деп тілеймін. Бүгінгі сәтті пайдалана отырып, әріптестеріме ең бірінші еңбегі жемісті, табысты болсын, халықтың алғысына бөлене берсін деп тілегім келеді», – деді № 10 қалалық емхананың директоры Сәбит Пазылов.

«Медицина саласы оңай емес. Қазақ «қай жерің ауырса, жаның сол жерде» дейді. Дәрігерлер қауымы қаншама науқасты аяқтан тұрғызып жатыр, халық алғысын білдіріп жатыр. Мен солар үшін қуаныштымын. Әріптертерге қуанышты күніңіз көп, деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын дегім келеді», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Серікұлы

Айта кетейік, алдағы жылдары Алматының денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа серпін алмақ. Қалада 2030 жылға дейін 32 жаңа медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, тағы 14 денсаулық сақтау мекемесі күрделі жаңғыртудан өтеді деп жоспарланған.

Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Сыр өңіріндегі медициналық серпін: соңғы 4 жылда 41 денсаулық сақтау нысаны жаңартылды