Алматыда жас отбасылар арасында қалалық байқау өтті

Жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Менің тірегім – отбасым» атты қалалық жас отбасылар байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сайысқа бес түрлі этнос өкілдері қатысып, өнері мен өнегесін ортаға салды.

Қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде олар өз отбасыларын таныстырса, кейін ән, би және көркем сөз арқылы шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Келесі кезеңде әр отбасы өз халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын таныстырды. Ал интеллектуалдық викторинада Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сарапқа салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін танытуға және қоғамдағы бірлікті нығайтуға бағытталған.

– Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Осындай іс-шаралар – біздің бірлігіміздің белгісі. Әр этностың өзіндік мәдениеті мен дәстүрі бар. Оларды бір-бірімізге таныстыру арқылы ортақ қазақстандық менталитет қалыптасады, – деді «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» ҚБ қалалық филиалының жетекшісі Махмұтжан Мансұров.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.