Іс-шараның басты мақсаты – балаларға шығармашылық арқылы елдің болашағы туралы ой-пікірін білдіруге мүмкіндік беру
Алматыдаңы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орай «Балалар болашақты бейнелейді» атты пленэр өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ашық пленэрге №199 мамандандырылған гимназияның оқушылары мен Оқушылар сарайының бейнелеу өнері студиясының тәрбиеленушілері қатысты. Жас суретшілер туындыларында Жаңа Қазақстанның бейнесін сомдап, елдің болашағына деген көзқарасын, заманауи қалаларды, цифрлық инновацияны, мәдени дәстүрді, отбасылық құндылықтарды, туған жерге деген сүйіспеншілікті, сондай-ақ Конституцияда бекітілген құндылықтарды бейнеледі.
Оқушылар сарайының директоры Айгүл Байсымақованың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – балаларға шығармашылық арқылы елдің болашағы туралы ой-пікірін білдіруге мүмкіндік беру.
«Балалар өз шығармаларында туған елінің келешегін қалай елестететінін жеткізуге тырысты. Әсіресе, олардың жұмыстарында заманауи, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның келбеті отбасылық құндылықтармен, ұлттық дәстүрлерге құрметпен және туған жерге деген сүйіспеншілікпен үйлесімді ұштасқаны қуантады. Суреттерді кәсіби суретшілер мен өнертанушылар бағалайды, ал үздік жұмыстардың авторларын бағалы сыйлықтар күтеді», – деді Айгүл Байсымақова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шығармашылық жобалар өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар олар балаларға жаңартылған Конституцияның маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Зиялы қауым өкілдері: Жаңа Конституция – елдің болашағына бастайтын маңызды жол