Алматыда Зейнеп Ахметовамен тағылымды кездесу өтті

02.04.2026 21:58

Іс-шара Медеу ауданының 90 жылдығына орай ұйымдастырылды

Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы лицейде жазушы, этнограф, рухани байлық пен қазақы дәстүрдің құндылығын кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті. Бұл іс-шара Медеу ауданының 90 жылдығына орай ұйымдастырылып, тағылым мен тәрбие өзегін қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кездесуде Зейнеп Ахметова ұлттық мұраны тек өткеннің естелігі ретінде емес, бүгінгі буынға бағыт-бағдар беретін рухани жол ретінде насихаттады. Сол себепті де ата-аналар мазмұнды әңгімелерді тыңдауға ерекше ықылас танытты.

Қаламгер отбасындағы тәрбие мен рухани байланыстың мән-маңызына тоқталып, ұлттық салт-дәстүрдің рөліне баса назар аударды.

“Мен аманат арқалап жүрген адаммын деймін. Өйткені бүкіл иісі қазаққа ортақ, алты алаштың ардақтысы болған ұлы тұлғаның қолына су құйып, шайын қайнатып, қызмет еткен адаммын. Ол кісінің үлгі өнегесін көріп, сол университеттен өттім. Мамамның мектебінен өтіп, тәрбиелесем, қайын атамның университетінен өттім. Білгеніңді айтпасаң, ол да күнә дейді. Сол шежіредей болған кісілерден ұққаным, бойыма сіңіргенім, соны сендерге беруім керек”, - деді Зейнеп Ахметова.

Б. Момышұлы атындағы № 131 мектеп-лицейінің директоры Роза Достанова өз сөзінде:

“Осындай кездесулер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа рухани тәрбие сіңіруге үлкен мүмкіндік туады. Бүгінгі басқосудың мазмұны ауданымыздың мерейтойымен үндесіп жатыр”, - деді.

Оқи отырыңыз: Алматыда әскери психологтарды даярлау курсы басталды