Алматыда әскери психологтарды даярлау курсы басталды

Оқу-жаттығуға еліміздің түкпір-түкпірінен 20-дан аса маман келіп, өзара тәжірибе алмасуда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әскери психологтарды даярлау курстары басталды. Құрлық әскерлерінің Әскери институты базасында өтіп жатқан оқу-жаттығуға еліміздің түкпір-түкпірінен 20-дан аса маман келіп, өзара тәжірибе алмасуда. Яғни психологтар жаңадан келген сарбаздар тап болатын нақты жағдайларды көзбен көріп, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Сонымен, әскердің ішкі тірегіне айналатын мамандарды қалай дайындайды? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

Қазір біз Әли оқу-жаттығу полигонындамыз. Дәл менің артымда небәрі 30 сантиметрлік шұңқырдың ішінде әскери психологтар жатып, үстінен 40 тонналық танкті өткізуге дайын тұр. Мұндай жаттығулар әскери психологтардың экстремалды жағдайда өздерін қалай ұстауға және адамның психологиялық күйін түсінуге мүмкіндік береді. Яғни олар тек өздерін сынап қана қоймай, болашақта сарбаздарға да мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін үйретеді.

“Қорқыныш емес, қобалжу болады. Өйткені бірінші рет болғаннан кейін қалай болады, қалай істеймін деп қобалжисың. Ал дайындалғаннан кейін қазір жеңілдік күйіндемін”, – деді әскери бөлімнің психологы Сәния Теленшиева.

Құрлық әскерлерінің Әскери институты базасында өтіп жатқан оқу-жаттығуға еліміздің әр өңірінен 20-дан аса әскери психолог келген. Олар алты күн бойы Алматы облысында орналасқан Әли полигонында жаттығады. Курс барысында мамандар сарбаздардың психологиялық жағдайын тереңірек түсіну үшін түрлі физикалық тапсырмаларды орындайды. Бұл экстремалды жағдайды іс жүзінде сезінуге және эмоцияларды басқаруды үйренуге мүмкіндік береді.

“Біліміміз жоғары деңгейде болғанымен, қосымша білім алуға әрдайым дайынбыз. Әскери өмірде жеке құраммен жұмыс істеп, сарбаздарға алғашқы психологиялық көмек көрсететін – психологтар. Сол үшін барынша көп білім алуға, қызметшілерге сапалы қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз”, – деді әскери бөлімнің психологы Эльза Жұмаділова.

“Мұндай оқу-жаттығуларды өткізу – жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын жоғары деңгейде ұстауға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі. Бұл армияда тек физикалық емес, психологиялық дайындыққа да ерекше көңіл бөлінетінін көрсетеді. Оқытуға институттың тәжірибелі оқытушылары мен әскерде қызмет етіп жүрген білікті әскери психологтар тартылған”, – деді психологиялық жұмыс қызметінің жетекшісі Роман Куликов.

Айта кетейік, оқу-жаттығу курсы аяқталған соң мамандар емтихан тапсырып, арнайы сертификат алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара жыл сайын өткізіледі.

Оқи отырыңыз: Маусымдық аллергия: аурудың белгілері мен емдеу жолдары қандай

Новости партнеров