Келелі кездесуде жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеу бағыттары да жан-жақты сараланды
«Заң және тәртіп» қағидатын нығайту - сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі». Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы қорытындыланған жиында айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Келелі кездесуде жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеу бағыттары да жан-жақты сараланды. Алғаш болып сөз алған қалалық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Еркеболат Серікұлы қатысушыларды жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы тиімді тетіктерді бірлесе талқылауға үндеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жаңа стратегиялық құжаттың мазмұнын сапалы қалыптастыруға және қоғам сұранысына жауап беретін тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
«2022–2026 жылдарға арналған қолданыстағы тұжырымдаманы іске асырудың аяқталу кезеңінде тұрмыз. Диалог алаңы аясында негізгі бағыттар қарастырылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту, процестерді цифрландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, заңнаманы жетілдіру және комплаенс-қызметтердің рөлін күшейту мәселесі қаралды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Еркеболат Нұржігітов.
Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді шешімдер, мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттыру мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Мәселен, жоғары оқу орындарының оқытушылары «Кластерлік басқару жүйесін енгізу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қолдайтын азаматтар қатарын көбейтеді» деген пікір білдірді. Ал өзге де мүдделі тараптар жоғары оқу орындарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға басымдық беру қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бағытта көптеген бастама жасап жатыр. Соның ең негізгісі «Заң мен тәртіп» деп айтар едім. Осының айналасында жұмысты жүйелі түрде қолға алатын болсақ, сыбайлас жемқорлық мәселесін де бір жақты шешуге мүмкіндік болады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Оқи отырыңыз: Алматы агломерациясының дамуы: экология, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық