Алматыда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі кеңейтіледі

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шаһарда 160 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Арнайы комиссия тарихи, сәулеттік және мәдени құндылығы бар тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды зерделеуге кірісті. Бірінші кезеңде зерттеу үшін 27 нысан іріктелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың қатарында Satbayev University бас оқу ғимараты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты, Ұлттық банк ғимараты, Абылай хан даңғылындағы бұрынғы Үкімет үйі, Орталық мәдениет және демалыс саябағының аркасы, Орталық әмбебап дүкеннің ескі ғимараты, Чайковский атындағы Алматы колледжі, Геология ғылымдары институты, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Киров атындағы зауыттың тұрғын үйлері, Нұрғиса Тілендиев пен Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейлері, «Атакент» кіреберіс аркасы және Республика алаңы бар.

Комиссия осы ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйін зерттеп, қай нысанды жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізуге ұсынуға болатынын анықтайды.

Бүгінде Алматыда 160 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Оның 34-і республикалық, 126-сы жергілікті маңызға ие.

Ескерткіштердің басым бөлігі сәулет және қала құрылысы нысандарына жатады. Олардың саны – 91. Тағы 50 нысан монументалды өнерге, 12-сі археологияға қатысты. Бес нысан ансамбльдер мен кешендер қатарына кірсе, екеуі киелі орын саналады.

Ескерткіштердің дені Медеу және Алмалы аудандарында орналасқан. Атап айтқанда, Медеу ауданында 65, Алмалы ауданында 50 нысан бар. 

Тарихи ғимараттар мен құрылыстарды сақтау үшін олардың айналасында құрылыс жүргізуге шектеу қойылатын қорғау аймақтары белгіленеді. Бұл талаптар ескерткіштердің өзін ғана емес, айналасындағы тарихи құрылыс нысандарын да сақтауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматы педагогтері Қазақстан мұғалімдерінің VI республикалық спартакиадасының жеңімпазы атанды