Алматыда жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаторияға кімдер бара алады

24.10.2024 20:21

Екі қабатты ғимаратты қала әкімі Ерболат Досаев аралап, дәрігерлермен тілдесті

Аlmaty.tv

Алматының Түрксіб ауданындағы Нұршашқан шағынауданында жаңа отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды. Күніне 100 адамды қабылдай алатын медициналық мекеме – №20 қалалық емхананың филиалы. Қала әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында жаңа нысанның жұмысымен танысып қайтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаңа дәрігерлік амбулатория – Жұлдыз ықшамауданындағы №20 қалалық емхананың филиалы. Медициналық мекеме барлық қажетті заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ауданы 1400 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратты қала әкімі Ерболат Досаев аралап, дәрігерлермен тілдесті.

"Халыққа қызмет көрсететін барлық маман бар. Оның ішінде сұранысқа көп ие болатын лор-дәрігер, хирург, акушер-гинеколог, окулист және басқа да дәрігерлер бар", - деді №20 қалалық емхананың бас дәрігері Роза Тоқмолданова.

Ал емханаға тіркелген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жаңа амбулатория салынғанға дейін шағынаудан тұрғындарына медициналық көмек 1975 жылы тұрғызылған 52 шаршы метр болатын нысанда көрсетілген. Қабылдау тек фельдшерлік-акушерлік бағытта жүргізіліпті. Ал кешенді ем алу үшін науқастар Жұлдыз шағынауданында орналасқан №20 емхананың негізгі ғимаратына барып жүріпті.

"Емхана ашылып, қатты қуанып жатырмыз. Мың алғыс білдіреміз. Бұрын қиналып, №20 емханаға баратын едік, қазір қалаған уақытымызда келіп емделіп, дәрі-дәрмегімізді аламыз", - дейді Нұршашқан шағынауданының тұрғыны Тұрсынхан Раджибаева.

"Қазір жақсы болды, қай уақытта келсек те емімізді, дәрі-дәрмегімізді тегін алып, осы жерде емделіп жатқан жайымыз бар. Өте қуаныштымыз", - дейді тағы бір тұрғын Дина Омарова.

Сондай-ақ қала басшысы жұмыс сапары барысында Бостандық ауданы Көктем-1 шағынауданындағы жөндеуден өткен №138 мектепті көріп шықты. 1989 жылы салынған оқу ошағын тексеру кезінде мегаполис әкімі мектепті сейсмикалық нығайту мен күрделі жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма берген еді. Жұмыс былтыр желтоқсан айында басталған.  Жоба аясында ғимараттың қасбеті мен шатыры жөнделіп, инженерлік желілері жаңарды.

"Арнайы мердігерлер өз жұмысын атқарып, уақытымен өткізіп, міне, ашылуға дайынбыз. Мектебімізде 800 бала оқиды. Қазіргі таңда қасымыздағы көрші мектептерде, №21, 51 гимназияда балаларымыз бөлініп оқып жатыр", - деді М. Базарбаев атындағы № 138 гимназияның директоры Медет Қасымбаев.

Мектепте заманауи стандарттарға сәйкес екі спорт және акт залы жабдықталған. Күрделі жөндеу аясында футбол мен спорт алаңы да жаңартылды. Одан өзге білім ошағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылған. Айта кетейін, қалада мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында қарқынды жұмыс атқарылып жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, Аlmaty TV

Оқи отырыңыз: Көктөбе телемұнарасында мерекелік жарық шамдары қосылады