Қазақстанда алтынның бағасы неге қымбаттады – сарапшы пікірі

24.10.2024 20:36

Алтын бағасы ай сайын шарықтап барады

Қазақстанда алтынның бағасы рекордтық межеге жетті. Бүгінде түсті металдың 1 грамы 42 мың 285 теңгеге бағаланып отыр. Алайда алтын бағасы өскенімен, оған деген сұраныс артпаған. Биыл үшінші тоқсан қорытындысына сәйкес, 14 мыңға жуық алтын құймасы сатылған. Бұл – осы жылдың басқа кезеңдерімен салыстырғанда, едәуір төмен көрсеткіш. Сонымен, алтынның қымбаттауына не себеп? Қай қалалар сатылым бойынша көш бастап тұр? Сарапшылардың пікірі қандай? Аlmaty.tv шолушысы Еркебұлан Серікұлы айтып береді.

Алтын бағасы ай сайын шарықтап барады. Соңғы бірнеше жылда құны үш есеге дейін өскен. Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, 21 қазандағы жағдай бойынша түсті металл бағасы 42 мың 285 теңге теңге болды. Бір аптада 2,3%, бір айда 6%, соңғы бір жылда 40,8%-ға қымбаттаған. Осы тұста Қазақстанда тазартылған алтынға деген сұраныстың төмендегені байқалады.

Ұлттық банк мәліметінше, биыл бірінші тоқсанда жалпы салмағы 816,4 келі болатын 18 мың 969 алтын құйма сатылған. Екінші тоқсанда 779,2 кг 14 752 дана, үшінші тоқсанда 475,5 келі 13 940 алтын құймасы саудаланыпты. Дәл сол үшінші тоқсанда өңірлер бөлінісінде алтын ең көп сатылған аймақтар арасында Алматы, Шымкент және Астана қаласы көш бастап тұр. Бұл Ұлттық статистика бюросы берген мәлімет.

Қаржы мамандарының пікірінше, алтын бағасының құбылуына оған деген сұраныс әсер етеді. Әрине, бұл бағалы металл өз құнын жоғалтпайды дегенді білдірмейді дейді сарапшы. Оның айтуынша, алтын бағасы ешқашан түспейді деген – жаңсақ пікір. Ол да құбылып отырады. Бірақ өзге қаржылық инструменттерге қарағанда әлдеқайда тұрақты. Сондықтан да алтын бұл қаржыны сақтаудың ең негізгі сенімді құралы есептеледі.  

"Алтын бағасы қай уақытта көтеріледі? Әлемде қандай да бір дағдарыстың белгісі болса, қаржы нарығында, құнды қағаздар нарығында тұрақсыздықтар болса, көптеген инвестор сақтану мақсатында алтынды көптеп сатып ала бастайды. Сол кезде алтынның бағасы өседі. Ал керісінше, әлемде іскерлік белсенділік жанданып, экономикалық өсім болып, өндіріс, зауыт-фабрикалар қарқында жұмыс істей бастаса, алтынның бағасы біртіндеп төмендейді. Міне, осындай негізгі қағидаттарды біліп жүргеніміз дұрыс", - деді экономист Мақсат Халық.

Қаржы маманының айтуынша, әлемдегі қор нарығында белгілі бір тұрақсыздық байқалады. Оның негізгі себебі – әлемдегі қаржылық дағдарыстың ауылы алыс емес деген болжамға байланысты. Осы тұста көптеген инвесторлар өз қаражатын қандай да бір компаниялардың акциясында ұстағаннан гөрі, сақтанып, алтын сатып алғанды жөн көреді. Ал сұраныстың артуы бағаның да көтерілуіне алып келді. Сондай-ақ сарапшы қаржылық сауаттылыққа ден қойып, қаражатты әртүрлі валютада сақтауға кеңес береді.

Оқи отырыңыз: Халық несие алуға неге құмар