Алматыдағы Баум тоғайы заманауи әрі қауіпсіз алаңға айналады

Абаттандыру жұмыстарында цемент-бетон бұйымдар қолданылмай, тек экологиялық материалдар пайдаланылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматыдағы Баум тоғайы заманауи әрі қауіпсіз алаңға айналады». Шаһар тұрғындары жасыл алқапты жандандыру жұмыстарына оң баға берді. "Бірақ абаттандыру жұмыстары аясында бірде-бір ағаш кесілмейді".

 Алматы қаласының әкімдігі осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Баум тоғайы – Алматының солтүстік бөлігінде Сейфуллин мен Сүйінбай даңғылдарының арасында орналасқан жасанды жасыл алқап. Ол 1894 жылы 137 гектар алаңда салынған. Сол уақыттан бері шаһар тарихына куә болып, көпшіліктің сүйікті серуен орнына айналды. Таза ауамен тыныстап, бой жазуға зейнеткерлер де жиі келеді.

«18 жылдан бері осында шынығып келеміз. Баум тоғайының ауасы керемет, зейнеткерлер үшін таптырмас демалыс орны», – деді қала тұрғыны Әсембай Шағиев.

Тоғайда абаттандыру ісі қолға алынған. Жауаптылардың сөзінше, мұндай ауқымды жұмыс көптен бері жүргізілмепті. Аумақта атқарылатын шаруа аясында ең алдымен табиғи ортаны сақтап қалуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, көше шамдарының жарығы ондағы аң-құсқа зиянын тигізбеуі керек.

«Күнде келем, жақын жерде тұрамын. Таңертең сағат 7:00-де тұрам.  Жарты сағаттай осында жүрем. Тойғайдың жолдарын көбейтіп, демалатын орындар салып, көркейтсе, жақсы болар еді», – деді қала тұрғыны Сайлаубай Дүйсенбинов.

Абаттандыру жұмыстарында цемент-бетон бұйымдар қолданылмай, тек экологиялық материалдар пайдаланылады. Барлық талаптарға сай жүргінші жолы мен энергия үнемдейтін жарық шамдар орнатылып, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция бекеттері мен бейнебақылау камералары қойылады. 

«Баум тоғайы ерекше қорғалатын табиғи аумақ екені белгілі. Абаттандыру жұмыстары биыл шілде айында басталды. Оның шеңберінде тоғайды белсенді, экологиялық және рекреациялық аймақтарға бөлеміз.  Жоба аясында мұнда 7 балалар ойын алаңы, 6 воркаут-аймақ пайда болады», – деді жобалық ұйымның директоры Нұрай Айтымов.

Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, басты мақсат – жасыл алқапты сақтап қалу. Сондықтан аумақты көріктендіру ісі барысында көп шаруа техниканың көмегінсіз атқарылып жатыр екен. Сондай-ақ абаттандыру аясында жасыл желек қорын көбейту жоспарланған.

Айта кетейік, тоғайды түрлендіру жұмыстары келер жылдың мамыр айында аяқталады.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды бірқатар өндіріс орны мен қалалық орта нысанның жұмысымен танысты

Новости партнеров