Алматыда 11 мұз айдыны тегін жұмыс істеп тұр

Әлеуметтік жоба маусымда 300 мыңнан аса тұрғынды қамтиды деп жоспарланып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін 12 мұз айдыны тегін жұмыс істейді. Қазір он бірі ашылды. Ал Көкжиек ықшамауданында орналасқан соңғысы жақында ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік жоба маусымда 300 мыңнан аса тұрғынды қамтиды деп жоспарланып отыр.

Қыс қызығы – сырғанақ. Алматыдағы мұз айдындарында адам лық толы. 

"Екі сағат бұрын келдім құрбыммен бірге келдім. Бәрі тамаша. Күшті", – деді қала тұрғыны Айнұр Тілеулиева.

"Мұздың сапасы өте сапалы. Бір сағат сайын ауыстырып тұрады, өте ыңғайлы", – деді қала тұрғыны Әли Берікұлы.

"Катокқа келіп отырмыз. Бір аптадай болды. Алматыда тұрамыз, балалар риза болып жүр, осында тегін екен", – деді қала тұрғыны Ержан Әлихан.

"Конькимен мен 3 жыл бұрын кәсіби түрде айналысқым келді. Бірақ сәті түспеді, қазір осы жерге келіп тұрамын. Күн суық болса да бір-біріңізді жылытып жүріңіздер, – деді қала тұрғыны Әмина Сыдық.

Республика сарайының алдындағы мұз айдынында күн сайын 2 сағаттан 5 сеанс өтеді. Ал келушілердің саны кейде күніне 2000-нан асады.

"Әр сеанс сайын техникалық үзіліс болып тұрады. Арнайы қондырғылардың көмегімен мұз айдынының бетін тегістеп, сапасын жақсартып отырамыз. Оған шамамен 30 минут жеткілікті. Ал мұның барлығы келушілердің көңіл-күйін көтеру үшін жасалады", – деді есепші Мұхамедәли Каюп.

"Алматы қаласында 2017 жылдан бері ашық мұз айдыны әлеуметтік жобасы іске асырылып келеді. Халық үшін тегін.  Коньки жоқ болса, жалға алуға болады. Оны құны екі сағатқа 1500 теңге", – деді спорт басқармасының бас маманы Ерсұлтан Кенжебек.

 Бастысы сырғанақ маңында әрдайым әсем ән мен келушілердің сыңғыр күлкісі естіліп тұрады. Бұл әлеуметтік жобаға деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдей түскендей.

Атап өтейік, шаһардағы мұз айдындары жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін ашық тұрады.

Алматыда дәл осындай 11 мұз айдыны жұмыс істеп тұр. Олардың аумағы да әртүрлі. Ең кішісі 500 шаршы метрге жуықтаса, үлкені 1700 шаршы метрден асады. Ал коньки тебуге ниеттенгендер, жаттықтырушылардың көмегіне жүгіне алады. Жауаптылардың сөзінше, әлеуметтік жоба аясында 50 мыңға жуық адам аталмыш спорт түрін меңгерген. Ал 7 жылдың ішінде сырғанаққа 2 миллионнан аса адам барған.

Еске салайық, мұз айдындары президент саябағында да, Almaty және Halyk Arena спорт кешенінің және "Гүлдер" саябағы сынды демалыс орындарының маңында да орналасқан.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: «Наурыз» бағдарламасының шарттары өзгереді

Новости партнеров