Келесі жылы 50 мыңнан аса қазақстандық жалға берілген үйді жекешелендіре алады
"Наурыз" бағдарламасының шарттары өзгереді. "Отбасы банк" төрайымы Ләззат Ибрагимова жеңілдетілген ипотекадан үміттілердің депозитінде болуы тиіс минималды соманы 1 миллион теңгеден 2 миллионға дейін көтеруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, мұндай ұсыныс баспана сатып алушылардың өзінен түскен. Себебі көбі дайын пәтер алуды қалайтын көрінеді. Соған байланысты құрылыс компаниялары келесі жылдан бастап тұрғын үйлерді дайын күйінде сатпақ. Сәйкесінше баспананың бастапқы жарнасы 20 пайыздан 10 пайызға азаяды.
"Бағдарламаға қатысу үшін шарт бойынша салымшының депозиттінде тек 1 миллион теңге болуы керек еді. Конкурста жеңген салымшы аз уақыт ішінде пәтердің 20 пайызын салуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 2,5 мыңнан астам өтініштің 39 пайызында ғана 20 пайызды құрайтын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаға қатысушылардың депозитін 2 миллион теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді", – деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Келесі жылы 50 мыңнан аса қазақстандық жалға берілген үйді жекешелендіре алады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Ведомство басшысы тұрғын үйді бөлу, тіркеу күніне және табыс деңгейіне байланысты іске асырылатынын жеткізді. Бұл ең алдымен, ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік бермек.
"Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылы мамырда күшіне енеді", – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда Орталық стадионға трансферлер ұйымдастырылады